Әлеуметтік жобалар ауыл тірлігін жандандыруға жол ашуда

4 Қыркүйек 2020, 17:48
2583
Бөлісу:
Әлеуметтік жобалар ауыл тірлігін жандандыруға жол ашуда
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ангел» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік грант аясында ауыл-аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру мақсатында түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруда.

Ақмола облысында 550-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелгенімен, белсенді жұмыс істейтіндері аз.

Шағын қалалар мен ауылдық жерлерде тың бастамаларды іске асыру үшін грант ұтып алуда тәжірибелі ұйымдармен бәсекелесу оңай емес. Ол үшін тұрғындардың белсенді ұстанымы, үкіметтік емес ұйымдардың көмегі қажет. Өз проблемаларын шешуге қабілетті ауылдықтарды мақсатты қолдау қажеттілігі туындап отыр. Қоғамдық бірлестік ауылдардағы экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу барысында тұрғындардың білім деңгейін арттыруға да күш салуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілетін дөңгелек үстелдер мен семинарларда келісімшарт жасау, құжаттармен жұмыс істеу, гранттарға өтініш беруге байланысты кеңестер беріледі, - дейді «Ангел» ҚБ директоры Людмила Петрова.
_123.jpg

«Ангел» қоғамдық бірлестігі осы уақыт ішінде халықаралық, республикалық ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдаланып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Былтыр мемлекет грантымен елді мекендерде 10 жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетілді. Жоба үйлестірушілері «Ангел» ҚБ ұйымдастырған көшбасшылық мектепте арнайы курстан өтті.

«Мүмкіндік шектеулі болғанымен, жеңіске деген ерік-жігер шектеусіз» деген атаумен Атбасар қаласында іске асырылған жоба үйлестірушісі Елена Жакенованың айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар «Олимп» спорттық-сауықтыру кешенінде спортпен шұғылдануда. Жақсы ауданының Подгорное ауылында «Бақытты бала» жобасының ұйымдасырушылары өз қолдарымен ойыншықтар құрастырып, Монтессори әдісі бойынша ойын бөлмесін жасады.

Атбасарда іске асырылған «Жаңа жол» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ольга Рабатюгова ата-аналар мен балаларды бедертас өндірісі бойынша шеберлік сағатымен қызықтыра алды.

Оңай болмағанымен, жүзеге асты. Осылайша балалар алаңы салынды. Біз пластикалық құбырлардан сөрелер, құстар үйін жасауды үйрендік. Қыста олар ағаш оюмен айналысады. Жалпы еңбек адамдарды жақындастырады, әрі қоршаған ортаға да пайдасы да мол, - дейді ол.

Зеренді ауданының Викторовка селосында «Балалық шақ ауласы» жобасының арқасында балалар алаңы пайда болды. Красный Яр кентінде «Анти-Кафе» жобасымен балалар ойын бөлмесі ұйымдастырылып, жабдықталды. Степногорск өңірінде волонтерлерге арналған білім беру мектебі құрылды. «Бұл біздің ауыл және Біз осында тұрамыз» жобасы аясында Атбасар ауданының Новосельское ауылының келбеті өзгерді. Целиноград ауданы Рақымжан Қошқарбаев ауылында Даңқ сквері абаттандырылды. Атбасар ауданы Садовое ауылының кітапханасы балаларға арналған әлемдік классиканың үздік үлгілерімен толықтырылды. Мұнда волонтерлер балаларды үстел теннисіне, сурет салу техникасына үйретеді.

«Ангел» ҚБ «Ауылдағы азаматтық бастама» номинациясы бойынша «Таным» республикалық сыйлығының екі мәрте иегері атанды. Қоғамдық бірлестік экологиялық проблемаларды шешуге өз үлесін қосып, екі жыл бұрын АҚШ елшілігінің грантын жеңіп алды.

Полиэтилен пакеттер ұзақ жылдар топырақ қабатында шірімейтіндіктен, экологиялық зардабы шаш-етектен. Осы ретте экосөмке тігуді қолға алдық. Оны волонтерлер тігеді, колледж студенттері мектеп мұғалімдерімен жұмыс жасаймыз, тігіншілікке кәсіби бағдар беріледі, шеберлік сыныптары өткізіледі, - дейді бірлестік директоры.
_НПО1.jpg

Экопакеттер құны пластикке қарағанда қымбаттырақ. Тұрғындар ол үшін ақша салуға дайын емес, дүкеннен әдеттегі полиэтилен пакетті тегін алуды жөн көреді екен. Дегенмен, қоғам белсенділері қоршаған ортаға қауіпті полимердің орнына өз өнімдерін одан әрі ілгерілетуге ниетті.

«Ангел» белсенділері ҮЕҰ, бастамашыл топтарға түрлі гранттар ұсынатын қаржылық мүмкіндіктерді де пайдалануды ұсынады. Биылғы әлеуметтік жобалар байқауына Атбасар, Есіл, Аршалы, Астрахан, Сандықтау, Степногорск, Бурабай және Целиноград аудандарының ҮЕҰ және бастамашыл топтарынан 19 өтінім түскен. Оның 10-ы жеңімпаз атанды. Қазіргі уақытта олар ауыл-аймақтарда өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асыруға кірісті.

Әрбір грант бойынша мониторинг жүргізілуде, күн сайын жергілікті жерлерде жобаның іске асырылуы қадағаланады.

_нпо2.jpg

20 жылдан астам омарташылықпен айналысатын Сергей Ерофеев биыл Аршалы ауданы Константиновка мектебінің оқушыларына ара шаруашылығының негіздерін оқыту үшін 500 мың теңге грант алды. Қазіргі уақытта ара ұяларын көбейту жұмысы белсенді жүргізілуде. Алма, шие көшеттерін отырғызу, бал өсімдіктерін егу жоспарлануда. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бастамашыл топ Атбасар қаласында, Астрахан ауданының Жалтыр ауылында спорттық алаң салуды жоспарлап отыр. Есіл ауданының Московское селосында балалар ойын алаңы салынады. Аршалы ауылында Ирина Исаева №2 Аршалы орта мектебінің оқушыларын жасыл технологияны қолдана отырып, бау-бақша өсіруге баулымақшы. Жоба аясында мектеп оқушылары тегін тамақтанатын болады. Қазіргі уақытта поликарбонатты жылыжай орнату жұмыстары жүргізілуде, - дейді «Ангел» ҚБ қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Гүлнар Жұмаинова.
_НПО.jpg

Өңірде осындай түрлі әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Ең бастысы, олардың әрқайсысының нәтижелері айқын, әрі «бір реттік» жобалар емес.

Өзгелердің жаңалығы