Павлодарда тұрғын үй ауласында тұрған автокөліктің үстіне шығып, секірген ер адамның әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тараған видеода ер адамның аулада тұрған кроссовердің төбесіне шығып алып, отырып-тұрып, кейін секіре бастағаны көрінеді. Салдарынан көліктің кузовы зақымданған.
Оқиғаға қатысты Павлодар облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел анықтап, ұстады. Ол оқиға кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлады ведомстводан.
Полицияның мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімі шыққанға дейін ол уақытша ұстау камерасына қамалды.
Аталған баптың санкциясы айыппұл салудан бастап 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сонымен қатар тәртіп бұзушы бүлінген автокөліктің иесіне келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндетті болады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, баласын тұншықтырып өлтірген анаға қатаң үкім шықты. Әйел кәмелетке толмаған қызын өлтіргені және балаға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі деп танылды.