Әлеуметтік жағынан аз қамтылған ақтөбеліктер қашан баспаналы болады?

22 Қаңтар 2025, 16:02
318
Бөлісу:
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған ақтөбеліктер қашан баспаналы болады?
Фото: pixabay.com

Биыл Ақтөбе облысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 253 отбасына пәтер беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мақсатқа бюджеттен 3,3 млрд теңге қарастырылған. Былтыр "Самұрық-Қазына" АҚ есебінен 883 пәтер сатып алуға 13,2 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде жыл соңында 872 пәтер сатып алынған. Олардың дені – Ақтөбе қаласынан, бірқатары аудандардан алынған.

Ақтөбе облысында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында 7 жыл ішінде жалпы ауданы 9,2 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй немесе 86,5 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Былтыр біз облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 964 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Оның ішінде 425,7 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй болса, 538,3 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үй, - дейді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, биыл өңірде қаржыландыру көздері есебінен 975 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында биылға ауыспалы болып өткен 8 жоба бар. Бұл жобалар жыл соңына дейін аяқталса, 1 511 ақтөбелік жаңа баспанаға қол жеткізеді. 

Қазір біз тұрғындарға несиелік тұрғын үй беру жобасын дамытып жатырмыз. Былтыр өңірімізде жалпы ауданы 11,8 мың шаршы метрлік 192 пәтерлі тұрғын үйлердің және 2023 жылы құрылысы басталған 19,5 мың шаршы метрді құрайтын 225 пәтердің құрылысы аяқталды. Ал жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін 298 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, - дейді А. Жарасбаев.

Биыл сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен Алға, Ойыл аудандарында 211 пәтерлі тұрғын үйлер салынуда.

Өзгелердің жаңалығы