Әлеуметтік осал топтардан шыққан 50 мыңнан астам бала колледждерде тегін оқиды

7 Қыркүйек 2021, 12:35
7976
Бөлісу:
Әлеуметтік осал топтардан шыққан 50 мыңнан астам бала колледждерде тегін оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік осал топтардан шыққан 50 мыңнан астам бала колледждерде оқу үшін грант иеленді. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылмен салыстырғанда жеңілдіктер бойынша оқуға түскен талапкерлердің саны 16 мыңға артты. Бұл квота санаттарының тізімін кеңейтудің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың колледждерге түсуі үшін квоталар енгізілді. Бұл жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар. Сондай-ақ квота бойынша мемлекеттік білім гранттарын ауыл жастары да иеленді, – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Биыл еліміздегі колледждерге 9-11 сыныптардың 95 мыңнан астам түлегі оқуға түсті. Әсіресе, медициналық және шығармашылық мамандықтар сұранысқа ие болды.

Биыл колледждерге қабылдау 25 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасты. 

Гранттар «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша бөлінді, бұл орын алған жаңашылдықтардың бірі. Яғни, егер бұрын-соңды мемлекеттік тапсырыс орындарын колледждер бойынша комиссия бөлетін болса, енді бұл процесс барынша ашық бола түсті. Жаңа ережеге сәйкес, талапкер қай колледжді таңдаса, бюджет қаражаты да сол оқу орнына бағытталады. 

Сонымен қатар егер бұрын талапкерлер тек 1 мамандық пен 1 колледжді ғана таңдай алса, биыл түлектерге 4 мамандық пен 4 колледжді таңдау мүмкіндігі берілді. 

Гранттарды бөлу ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылды. Бұл да ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы