Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің тұжырымдамасын әзірлеу үшін қазақстандықтардан ұсыныстар қабылдауды жалғастыруда.
Бір ай ішінде азаматтардан 400-ге жуық жүйелі ұсыныс келіп түсті, олар негізінен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және т. б. мәселелерге қатысты.Ұсыныстар жинаудың маңызды кезеңдерінің бірі өңірлерге шығу болып табылады, олардың барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен және халықпен кездесулер өтеді. ҚР Еңбекмині Ұлттық ресурстық орталығы жанындағы Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің жобасын әзірлеу жөніндегі сараптама тобының өкілі Жұмажан Жүкенов 7 өңірге барды, оның ішінде Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Батыс Қазақстан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында болды.
ШҚО-ға сапары барысында ол өңірдің белсенді тұрғындарымен кездесті. Сарапшы азаматтардың кодексті әзірлеуге өз үлестерін қосуы қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Қазіргі уақытта қазақстандықтарға 17 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін қамтамасыз ету шараларының кең спектрі ұсынылады. Әлеуметтік қамсыздандыру кодексі азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленеді және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтитын болады деп жоспарлануда. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай бағдарлауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жүкенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру бойынша жұмысты бастауды тапсырды.
Еңбекмині кодекс тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысты 2021 жылдың 2-тоқсанында аяқтау жоспарлануда, содан кейін тұжырымдама негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу басталады.
Ел азаматтары Кодекстің тұжырымдамасына өз ұсыныстарын келесі арналар арқылы жібере алады:
- Facebook тобы: https://www.facebook.com/groups/expert2020
- WhatsApp: +7 708 180 35 38 https://wa.me/message/RIAPN2DTW25UP1
- https://t.me/expertsocial telegram каналы;
- expert2020@mail.kz электрондық поштасы.