AMANAT партиясының жастары Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні қарсаңында әлеуметтік экспериментті өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эксперимент кеше Қостанай қаласында өтсе, дәл осындай экспериментті бүгін Шымкент қаласының жастары өткізді.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының шымкенттік белсенділері халық көп жиналатын орындарда әлеуметтік эксперимент жасап, адамдардың зорлық-зомбылыққа төзбеушілік деңгейін сынап көрді. Бейнероликтен шымкенттердің де зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің қасынан өтіп кетпей, көмек қолын созғанын көруге болады.
Қыздар мен әйелдердің тап болатын зорлық-зомбылықты көпшілік арасында көрсету мен үшін қиынға соқты. Себебі зорлық-зомбылықтың қандай түріне де мен қарсымын. Көпшілігі қорқып, қоғамның талқысына түсуден ұялып, шыдап жүре береді. Ал оның соңы неге апарып жатқанын соңғы шыққан жантүршігерлік жаңалықтардан естіп жатырмыз. Сондай-ақ бүгін Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні. Бұл күнді біз жай дата емес, қыз-келіншек, әйел-аналардың өз құқығы үшін күресе алатынына көз жеткізетін, азаматтшалардың жанайқайы естілетін күн деп қарастыруымыз керек, - деді Шымкент қаласында өткен акцияға қатысушы Мадина Нұржан.
Сондай-ақ қостанайлықтар түсірген бейнероликтен байқайтын болсақ, көмекке ең алғашқы болып жас жігіт келді. Содан соң нәзік жанды қыздардың да шетте қалмағанын көре аламыз. Яғни бұл мәселе гендерлік бөлініске бөлінбейтінін байқатады.
Бейнероликте көргендеріңіздей, бірінші болып көмекке жүгірген Данил есімді жігіттің жасы 14-те. Бізді таңқалдырғаны – өзінің жасына қарамастан, жасы өзінен үлкен ер азаматқа қарсы тұрып, қауқарсыз қызды қорғағысы келгені. Біз бұл экспериментпен зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамайтын азаматтарымыздың көптігін көрсетіп, оң жағынан резонанс тудыруды көздедік. Сондай-ақ барша қазақстандықтардан сұрайтыным, зорлық-зомбылықтың қандай түріне тап болсаңыз немесе куә болсаңыз, көмектесіп, полиция шақыруға асығыңыз, - деді Әлеуметтік экспериментті өткізуші «Жастар Рухы» Қостанай облыстық филиалының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.
Сондай-ақ эксперименттермен қатар «Жастар Рухы» қала, ауыл тұрғындарынан, студент жастардан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған 500-ден аса азамат қатысып, басым көпшілігі әйелдерге қол көтеруге немесе қиянат жасауға қарсы екендіктерін жеткізді.
16 қазаннан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің құрбаны болған қазақстандықтар тәулік бойы «111-Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына жүгіне алады. Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік хабарламалар арқылы да берілетін болады. Бұл ретте байланыс орталығында білікті психологтар мен заңгерлер жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.