Әлеуметтік әлеуетті арттыру – басты міндет

5 Тамыз 2022, 18:35
1740
Бөлісу:
Әлеуметтік әлеуетті арттыру – басты міндет

Өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығы жұмыс істеуде, деп хабарлайды  Ақмола облысының  BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет қаулысымен бекітілген Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының іске асырылу барысы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова айтып берді.

Ақмолалықтардың табысын арттыруға әсер ететін кешенді жоспардың негізгі іс-шаралары туралы айтып берсеңіз...

– Шын мәнінде кешенді жоспарда көзделген 46 іс-шараның 10-ы біздің басқармаға тиесілі. Халықты, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған шаралар басым бағытқа ие. «Бірінші жұмыс орны» жобасының қатысушылары жасы 29-дан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар. 2021 жылдан бастап жобаға қатысу ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін ұлғайды, ал мемлекет субсидиялайтын жалақы 20-дан (61260 теңге) 30 АЕК-ке (91890) дейін өсті. Биыл жобаға 92 жас ақмолалықты тартуды жоспарлап отырмыз. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысу ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін ұлғайды, жалақы 25-тен 30 АЕК-ке дейін (91890 теңге) өсті. Биыл бағдарламаға қатысуға 523 адамды тарту үшін қаражат бөлінді. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы да қызықты. Оның мақсаты – еңбек демалысына шыққан қызметкерлердің орнына лайықты маман даярлау. Бағдарламаға 29 жастан аспаған оқу орындарының түлектері де қатысады. Қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды.

Халықтың осал топтарын жұмыспен қамтуға да көңіл бөлінуде. Осы ретте облыстың әрбір өңірінде орталықтар ашылуда. Онда әлеуметтік бейімделуге, оқытуға, кәсіпкерлік бастаманы дамытуға көмек көрсетіледі, заңгерлік кеңес беріледі. 

Аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруда жаңа бизнес-идеяларға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілетін өтеусіз грант маңызды рөл атқаруы тиіс. Яғни, табысты арттыру бағдарламасына енген бұл жобалардың барлығының міндеті: адамдарға жұмысқа орналасуға, өз ісін бастауға көмектесу, қолдау. Әрі қарай бәрі олардың күш-жігеріне, қалауы мен жұмыс істеу қабілетіне байланысты болады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған қанша тұрғын тиісті әлеуметтік көмекке қол жеткізді?

– Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін 5,2 мың адам 329,5 млн теңге сомасына біржолғы әлеуметтік көмек алды. Оның ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 498 отбасы бар. Жергілікті бюджеттерден материалдық қолдау әлеуметтік мәні бар аурулары бар адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға көрсетіледі. Дүлей зілзалалардан немесе өрттен зардап шеккен 98 отбасы 15,1 млн теңге сомасында төлем алды. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан ЖОО мен колледждердің 65 студенті оқу ақысын төлеуге 19,2 млн теңге сомасында көмек алды.

АӘК алушылар саны азайды ма? Өйткені бұл төлемдер уақытша сипатқа ие болып, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыруға ынталандыруы тиіс емес пе?

– Жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке 4084 өтініш (18337 адам) қабылданды, АӘК 2038 отбасына (9195 адам) 482 млнтеңге сомасында тағайындалды.

Талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде облыста АӘК алушылар саны 43,6 мың адамнан 12,5 мың адамға дейін төмендеді. Бұл адамдардың мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын белсенді қолдана бастауының арқасында мүмкін болды. Мысалы, АӘК алған Минара Каирова есімді тұрғын қазір «Viamedis» ЖШС-де Call-орталық операторы болып жұмысқа орналасты. Зеренді ауданында үш отбасы мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, қазір олардың табысы кедейлік шегінен асады.

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру тетігі қалай жетілдірілуде?

– Жыл сайын облыс өңірлерімен мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша квота белгіленеді. Биыл ол 46 кәсіпорында қарастырылған. 159 жұмыс орнының 112-інде мүгедектігі бар адамдар еңбек етеді. Айталық, көкшетаулық 1 топ мүгедегі Азамат Нығметжанов халыққа қызмет көрсету маманы болып еңбек етеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы облыс бойынша бірінші шілдедегі жағдай бойынша 290 мүгедек жұмысқа орналастырылды, оның 144-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік әлеуетті арттыру – басты міндет. Облыс орталығында «Тең қоғам» орталығы ашылғанын оқырмандарға жеткізгім келеді. Оның міндеті – мүгедек адамдарға қолдау көрсету.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қанша адам қамтылды? Олардың жұмысқа орналасуы қай деңгейде?

– Алғашқы жартыжылдықта қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 397 жұмыссыз және өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған адам қамтылды, оқыту білім беру ұйымдарында, дербес оқу орталықтарында, кәсіпорындар мен қауымдастықтарда жүргізіледі. Олардың тізбесін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы бекітеді.

Тұрғындар оқуға жұмыс берушінің өтініші бойынша және сәйкесінше кейіннен жұмысқа орналасумен жіберіледі. Мысалы, Жақсы ауданының Запорожье ауылының тұрғыны Александр Бобела 2022 жылдың сәуір айында жұмыспен қамту орталығына жүгінді. Оның мамандығы жоқ, жұмыс таба алмады. Астраханка агротехникалық колледжінде оқуға жолдама алды, тракторист-машинист мамандығын алып шықты. Қазір мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Жыл сайын орта есеппен қысқа мерзімді оқытудан соң жұмысқа орналастыру үлесі 80%-ды құрайды.

Жобаларға бөлінетін гранттар қандай талап бойынша беріледі? Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын кім бақылайды?

– Гранттар жұмыссыздар ретінде тіркелген халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға, АӘК алушыларға, көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айрылылған әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, қоныс аударушыларға, қандастарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған мүгедектерге беріледі. Гранттар 1225200 теңге мөлшерінде қайтарымсыз негізде ұсынылады. 

Грант алушы растайтын құжаттарын жыл бойы әр тоқсан сайын ұсынады. Ал бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары бақылайды. Биыл бағдарлама бойынша 487 өтеусіз грант беру жоспарлануда.

Зейнет жасына жақындаған адамдарға жұмыс табу өте қиын деген шағымдарды естіп жатамыз...

– Осы санаттағы адамдар үшін биыл «Күміс жас» бағдарламасы жұмыс істей бастады. Зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыздар оған 12 ай қатысып, штаттық қызметкердің жалақысының 50% алады, бірақ 30 АЕК-тен аспайды (91890тг.). Биыл жоспар бойынша 132 адамды қамту жоспарлануда. Бірақ бүгінгі күні бағдарламаның мүмкіндіктерін 51 ақмолалық қана пайдаланды. 

Өзгелердің жаңалығы