Әлеуметтанушы қазақ халқын неге жетім деп бағалады?

31 Желтоқсан 2023, 10:48
1248
Бөлісу:
Әлеуметтанушы қазақ халқын неге жетім деп бағалады?

Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов «Ұлттық идеология және ...» жобасында қазақ халқын идеологиялық тұрғыда жетім деп бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық идея – идеологиялық мәселе. Идеологиялық тұрғыдан қарағанда қазақ халқын жетім деп бағалар едім. Өйткені соңғы ағартушыларымыз алашордалықтардан айрылдық. Іштен сатқындар шығып, оларды жауға сатты ма? Қалай болғанда да бізге жол сілтейтін, ақ пен қараны ажыратып беретін, өткен шағымызды түсіндіріп, болашаққа жол сілтейтін көшбасшы, оқыған азаматтардан айрылдық, - деді ол.

Әлеуметтанушы 70 жыл бойы қазақтың тілі мен әліпбиіне жасалған қастандықты да айтты.

70 жыл бойы тілімізді ауыстырды, төте жазудан латынға, латыннан кирилл әліпбиіне. 70 жыл бойы дүниежүзілік соғыстан ер-азаматтарымыздан айрылдық. Қаншама бедеулік мәселесі болды. Діліміз бен тілімізді айтпаған кезде халқымыздың саны көбеймеу үшін демографиялық құйтырқы саясаттар әдейі жүргізілді. Сол үшін 90-жылдардан бері қарай алып қарайтын болсақ, біз бір жетім бала секілдіміз, - деді Тілеубергенов.

Кейіннен әлеуметтанушы жетім баланың жағдайын маман ретінде түсіндіріп, бұл мәселені екі жоба аясында зерттегенін жеткізді.

Сізге құжат тұрғысынан айтуы мүмкін «кезінде Алтын Орда секілді керемет әулеттен шыққансың» деп, мысалы бір жетім балаға «Сенің әке-шешең ұшақ апатынан қаза тапты. Олар кезінде ел басқарған. Сен асыл текті ұрпақсың» деп айтуы мүмкін. Бірақ бала кезден ата-бабасы туралы айтылған әңгімені оған физикалық тұрғыдан түсіндіретін адам болмағандықтан, ол – жетім. Оған айтылған дүниелер алыс болып көрінеді, - деді әлеуметтанушы.

Оның айтуынша, жетім балаға «Сенің ата-бабаң Еуразияның барлығын жаулаған. Қытайдағы Тынық мұхитынан анау Лондонға дейін Еділ бабаң, одан кейін Шыңғысхан осы жерлерде үкімін жүргізген. Кезінде Алтын Адам осы Қазақстан жерінен шықты. Қаншама жылқыны қолға үйреткен сенің бабаларың» деп айту ештеңе бермейді.

Жетім болғандықтан, ол бәрін өзі көреді, өзі таяқ жеп өседі. Ол он жерден тоқ жүрсе де, рухани тұрғыдан жетім болғандықтан, бәрібір «Мен кіммін? Шынымен менің әкем осы ма, шешем осы ма? Алданып қалған жоқпын ба?» деп сұрақ қояды. Мұны мен не үшін айтып жатырмын, мемлекет дегеніміз бір үлкен адам болса, әрбір адам – бір мемлекет, - деді маман.

Сұхбаттың толық нұсқасын төменнен көре аласыз.

https://youtu.be/bnmfAo4VzDs?si=pDuEFkeUmbVJTTwo

Өзгелердің жаңалығы