Алакөл жағалауының әлеуетін арттыратын жобалар іске асуда

7 Қыркүйек 2020, 17:50
2263
Бөлісу:
Алакөл жағалауының әлеуетін арттыратын жобалар іске асуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екі ірі жоба қолға алынған.

Бұл туралы Үржар ауданының экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жайлы тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Нұржан Тоқсеитов хабарлады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екі ірі жоба қолға алынған. Оның бірі көл жағасын ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Оған 991 млн теңге қаражат бөлініп, құбыр тарту жұмыстары басталып кеткен. Екінші жоба - жылдан-жылға саны көбейіп келе жатқан демалыс базаларын тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мақсатында Мақаншы-Көктал бағытында қуаты 110 кВт-ты құрайтын электер желісін салу жұмыстары. Жалпы құны 2 млрд. 392 млн теңгені құрайтын жоба бүгінде басталып кеткен.

Туризмнің дамуына септігін тигізетін саланың тағы бірі – жолдар екені белгілі. Осы себепті қазіргі уақытта «Талдықорған-Қалбатау» бағытындағы автожолдың 615-705 шақырымдарында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандағы «Қарабұта-Ақшоқы» бағытындағы автожолдың 22 шақырымы орташа жөндеуден өткізілді, - деді Нұржан Тоқсеитов.

Бұдан бөлек, аталмыш бағдарламаның арқасында Үржар мен Қызылту ауылдарының арасындағы 9 шақырым жол қайта жөнделіп, Үржар ауылындағы 28 көшеге, Алтыншоқы мен Мақаншыдағы 6 көшеге асфальт төселді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 4,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған жоба бойынша ұшып-қону жолағы 1510 метрден 2100 метрге ұзарады. Ал ені 4 метрге кеңейтіледі. Осылайша, әуежайдың үлкен ұшақтарды да қабылдау мүмкіндігі артпақ. 

Алакөл жағалауы пандемия кезінде ашық болған жалғыз демалыс аймағы болғанын алға тартқан аудан әкімі көл жағалауының туристік әлеуетінің зор екенін айтады.


Өзгелердің жаңалығы