Әлемнің 25 мемлекетінен келген оқушылар халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысады

31 Қаңтар 2023, 21:37
1221
Бөлісу:
Әлемнің 25 мемлекетінен келген оқушылар халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысады

 Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, 1 ақпан күні Алматыда ХІХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталады. Оған 1200-ден астам оқушы қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Алыс және жақын шетелдерден, соның ішінде Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және т.б. елдерден келген 281 команда бірден үш пән – математика, физика және информатика бойынша білімдерін сынайды. Зияткерлік сайыста еліміздің намысын 250-ге жуық оқушыдан жасақталған 35 команда қорғайтын болады.

Айта кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасына физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептердің оқушылары қатысады. Олимпиада қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сондай-ақ мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі жасалатын болады.

Халықаралық қазылар алқасының құрамына ТМД-ның ең мықты техникалық университеттерінің өкілдері кіреді. Жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

Олимпиада 1-10 ақпан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтеді. Сайыс қорытындысы 10 ақпанға жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы