Бұл туралы танымал ақын Ерлан Жүніс Әдебиет порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлі күнге дейін орыс тілі арқылы ғана аударып келеміз. Ағылшын тілінен, француз тілінен аударатын бірен-саран авторлар, аудармашылар бар. Мысалы оның өзі – шартты нәрсе. Көп жағдайда ағылшын не француз тілі көп жазушының ана тілі емес. Олар бірақ сол тілде жазады. Өйткені танылу керек әлемге. Мысалы, Нобельді алу үшін міндетті түрде сенің шығармаң француз тіліне аударылуы керек... Бізге қарағанда, мысалы, Қытайда біреу Нобель, Букер сыйлығын алды ма, оның кітабы ертең сөреде қытай тілінде, ұйғыр тілінде 1-3 ай көлемінде тұрады дейді. Біз орысшадан аударамыз. Оның өзі бәленбай кезең, бәленбай өзгеріс, - деді ақын.
Ол сапалы аударма үшін жазушы шығарманы жазған тілді ғана білу жеткіліксіз екенін түсіндірді.
Біз секонд-хенд деген секілді екінші қолдан аударумен шұғылдандық қой. Негізі екінші қолдан аудармау керек. Қазақстанның жастары шығу керек испан тілін білетін, олар испан тілінен аудару керек. Мысалы, біз айтып отырған Борхестер, Хосе Марти, Рубен Дариоларды аударғанда сенің испан тілін ғана білуің жеткіліксіз. Ол жерде сен байырғы халықтардың тілін, сол Борхестің өз тілін, Дарионың өз тілін білуің керек. Сонда барып оны түсінуге, қазаққа жеткізуге, мысалы Абайша Пушкинді де, Лермонтовты қазақтың кәдуілгі ақынына айналдырып аударуға үлкен нәрсе керек, - деді ол.
Ерлан Жүніс аудармаға әдеби багажбен, өзі де жазатын жастар керегін жеткізді
Бізде шет тілдер институты бар, кафедралар бар әртүрлі, ресми іс-қағаз, құжат тілінен жетік мамандар бар. Бірақ солардың ішінде әдеби багажбен, өзі де жазатын жастар керек, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Ерлан Жүніс жауапкершіліктен қашқан адам өткенді аңсайды деген болатын.
Сондай-ақ, ол кітап дүкендерінде неге поэзия кітаптары жоқ екенін түсіндірді.