Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус елордада өтіп жатқан балалар денсаулығына арналған халықаралық конференцияда әлемдегі ахуалға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемде әрбір жетінші жасөспірімнің психикасы бұзылған. Жыл сайын 2 жастан 17 жасқа дейінгі 1 миллиардқа жуық бала түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайды немесе қараусыз қалады, - деп атап өтті ДДСҰ басшысы.
Сондай-ақ ол мектептердің балаларды қолдаудағы рөлін ерекше атап өтті.
Мектептер – денсаулықты нығайтуға, зиянның алдын алуға және балаларға ерте қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң, - дейді Гебрейесус.
ДДCҰ басшысы нақты үш басым бағытты атады.
Біріншіден, біз баланың өмірінің алғашқы кезеңіне инвестиция салуымыз керек. Екіншіден, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейту қажет.
Үшіншіден, біз үйде де, мектепте де, қоғамда да, онлайн кеңістікте де қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыруымыз керек.
Сөз соңында ДДСҰ басшысы балалардың болашағы – қоғамның болашағы екенін еске салды.
Балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау – біздің қоғамның болашағын қорғау, - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның директоры.
Еске салайық, елордада балалар денсаулығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.