Әлемде: Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді

26 Наурыз 2025, 11:22
444
Бөлісу:
Әлемде: Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді
PHOTO
Фото: BAQ.KZ - архив

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді

Әлемде: Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді
Фото: Anna Moneymaker/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп сайлаушылардың азаматтығын тексеру шараларын күшейтіп, шетелдіктердің АҚШ сайлауына араласуын тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Deutsche Welle агенттігі.

Бұл туралы 25 наурызда Ақ үйдің сайтында хабарланды. Құжатта сайлаушыларды тіркеу, пошта арқылы дауыс беру және сайлауды бақылау ережелерін күшейту бойынша федералдық агенттіктерге бірқатар тапсырмалар берілгені айтылған.

Жарлыққа сәйкес, АҚШ азаматтығын растау талаптары қатайтылады және сайлау бұрмалаушылығымен күресу шаралары күшейтіледі.

Штаттарға қаржылай қысым жасамақ

Алайда АҚШ президенті штаттардың сайлау заңдарын тікелей өзгерте алмайды. Сондықтан Трамп штаттарға қаржылық қысым көрсетуді жоспарлап отыр. Құжатта сайлаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қадамдар жасамайтын штаттар федералдық қаржыландырудан айырылуы мүмкін екені айтылған.

Ал құқық қорғаушылар Трампты кейбір халық топтары үшін дауыс беру мүмкіндігін әдейі қиындатпақ деп айыптауда.

Трамп Германияны үлгі етті

Трамп АҚШ-та қолданылатын түрлі дауыс беру әдістерінен гөрі Германияның қағаз бюллетеньдерге негізделген сайлау жүйесі сенімдірек деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Трамп 2020 жылғы президенттік сайлаудағы жеңілісін әлі күнге дейін мойындамаған. Оның жаппай сайлау бұрмалаушылығы туралы расталмаған мәлімдемелері 2021 жылы оның жақтастарының Капитолийді басып алуына түрткі болған негізгі себептердің бірі еді.

Ұзақ әрі баяу бітімге жету жолы: сәттілікке кепілдік жоқ

Әлемде: Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді
Фото: Reuters

BBC агенттігінің мәліметінше, Сауд Арабиясында үш күнге созылған келіссөздерден кейін белгілі бір прогресс байқалды.

АҚШ пен Ресей, сондай-ақ АҚШ пен Украина арасындағы келісімдер

Келісім мәтіндерінде кейбір айырмашылықтар болғанымен, ортақ тұстар да аз емес еді. Барлық тараптар "қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ету, күш қолданудан бас тарту және Қара теңізде коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдаланбау" жөнінде келісті.

Сондай-ақ, олар "Ресей мен Украинаның энергетикалық нысандарына соққы жасамау туралы келісімді жүзеге асыру бойынша шараларды әзірлеу" туралы уағдаласты.

Президент Зеленский азаматтық инфрақұрылымға шабуылды тікелей тоқтату туралы тыйымның болмағанына өкініш білдірсе де, жалпы келісімге қанағаттанғанын жеткізді.

Ол журналистерге Украина Қара теңіз бен энергетика секторында дереу атысты тоқтататынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, АҚШ оның күн тәртібін қолдады. АҚШ "соғыс тұтқындарын алмастыруға, азаматтық тұлғаларды босатуға және күштеп көшірілген украиналық балаларды қайтаруға көмектесу жөніндегі міндеттемесін сақтайды" деп мәлімдеді.

Кремльдің жаңа мәлімдемесі: келіссөздерге жаңа белгісіздік

Әлемде: Трамп АҚШ-тағы сайлау ережелерін қатаңдатқысы келеді
Фото: Reuters

Алайда кейінірек Кремль жаңа құжат жариялап, жағдайды күрделендірді.

Бұл құжатта бастапқы АҚШ–Ресей келісімінде болмаған жаңа талаптар қойылған. Онда Қара теңіздегі атысты тоқтату режимі тек Ресей банктеріне, сақтандыру компанияларына, порттарына және кемелеріне салынған санкциялар жойылғаннан кейін ғана күшіне енеді деп көрсетілген. Бұл Ресейге ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыш экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берер еді.

Басқаша айтқанда, Ресей бұл келісімді 2023 жылы тоқтаған Қара теңіз астық бастамасын жандандыру ғана емес, сонымен қатар ауқымды экономикалық санкцияларды жоюдың мүмкіндігі ретінде қарастырды.

Алайда бұл ұзақ уақыт алуы мүмкін, яғни теңіздегі атысты тоқтату мерзімі кейінге шегеріледі.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың Ресей сұраған барлық өзгерістерді жүзеге асыруға құзіреті жетпеуі мүмкін. Мысалы, Ресейдің қаржы жүйесін қайтадан SWIFT-ке қосу үшін ЕО-ның мақұлдауы қажет.

Кремль сонымен қатар энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасамау туралы 30 күндік мораторийді 18 наурызға шегеру керектігін, ал келісімнің бұзылуы жағдайында оны тоқтату мүмкін екенін мәлімдеді.

Басқаша айтқанда, бұл келісім Украинадағы әскери қимылдардың қарқынын азайтуға бағытталған әлсіз қадам болып табылады. Бірақ өзара сенімсіздік жағдайында оның сәтті орындалатынына ешқандай кепілдік жоқ.

Өзгелердің жаңалығы