Бұл туралы Қазақстандағы ДДСҰ елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, соңғы жүзжылдықта қан құю – қарапайым медициналық процедурадан көпсалалы ғылымға айналған.
Бүгінде трансфузиология саласында Қазақстанда да медициналық қызмет ұсынуда маңызды рөлге ие болып, жоғары технологиялық және тиімді қызметке айналып отыр. Қан мен оның өнімдерін құю пациенттердің өмірлерін құтқарып, ұзартып қана қоймай, оның сапасын жақсартады. ДДСҰ-ның соңғы деректеріне сәйкес, әлемде 118,5 млн қан донациясы жасалған. Оның ішінде, 40%-ы – табысы жоғары деңгейлі елдерге тиесілі, - деп атап өтті Скендер Сыла елордада өтіп жатқан трансфузиялық терапия бойынша ХІІІ халықаралық конференцияда.
Сондай-ақ ол қанды қандай елдердің көп тапсыратынына тоқталды.
1000 адамның ішінен таңдаған қан донорлығы көрсеткіші табысы жоғары елдерде 31,5 донацияны құрайды. Ал табысы орташадан жоғары мемлекеттерде екі есе аз (16,4 донация). Сонымен қоса табысы төмен елдерде 5,0-ге тең. Бұл жағдайды түзету қажет деп санаймын, - деді еліміздегі ДДСҰ өкілі.
Айта кетерлігі, денсаулық сақтау жүйесінде қан құю төмендегідей жағдайларда қолданылады:
Гемофилия және иммунтапшылығы сынды созылмалы патологиясы бар пациенттерді қолдау;
Өмірге қауіпті орақтәрізді жасушалы анемия, талассемия сынды патологияларға шалдыққан науқастарға көмек көрсету;
Табысы төмен елдерде 54% жағдайда қан 5 жасқа дейінгі балаларға құйылады. Ал табысы жоғары елдерде қан көп құйылатын пациенттер – 60 жастан асқан адамдар. Олардың үлесіне барлық қан құюдың 76%-ы тиесілі, - дейді Скендер Сыла.