Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустан кемі 115 мың медицина қызметкері көз жұмды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы хабарлады.
Бірқатар елде қажетті медицина жабдығы жетіспейді. Ақ халаттылар қауіпті жұмыс жағдайында еңбектенуге мәжбүр. Ұйым басшысы құрбандар арасында медицина қызметкерлерінің көптігі осы жайтқа байланысты екенін айтады. Бұл ретте Тедрос Адханом Гебрейесус вакциналау қарқынын күшейтуге шақырды. Жыл соңына дейін әр елде халықтың 30 пайызы екпемен қамтылуы тиіс дейді ол. Ұйым басшысы кедей мемлекеттердегі медицина қызметкерлері мен осал топ өкілдеріне жататын 250 миллион тұрғынды да вакциналау маңызды екенін айтты.
Соңғы 18 ай бойы медицина қызметкерлері өлім мен өмір арасында жүр. Олар өз басының емес, өзгелердің амандығы үшін күресіп келеді. Алайда вируспен күресте кемі 115 мың ақ халатты бақилық болды. Бұл үлкен шығын. Алайда алда көрсеткіштер одан да жоғары болмасына кім кепіл? 2021 жылы көз жұмғандар саны пандемияның бірінші жылымен, яғни былтырмен салыстырғанда көп болып отыр, – деді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.