- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде Конгресс, Сейм, Кнессет бар: Қазақстан неге Құрылтайды таңдады?
Әлемде Конгресс, Сейм, Кнессет бар: Қазақстан неге Құрылтайды таңдады?
Қазақстан Парламентінің орнына Құрылтай келеді. Жаңа органның өкілеті, депутат саны және әлемдік тәжірибедегі ұқсастықтар талқыға түсті.
Кеше 2026, 16:38
Әлемде парламент атауы бірдей емес. Бір ел оны Конгресс десе, енді бірі Дума, Кнессет, Сейм немесе Ұлы жиын деп атайды. Енді Қазақстан да осы қатарға “Құрылтай” атауымен қосылғалы отыр. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста BAQ.KZ тілшісі өзге мемлекеттердің тәжірибесіне үңіліп, заң шығарушы органдар қалай аталатынын және депутат саны бойынша Қазақстан қай деңгейде тұрғанын салыстырып көрді.
8 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатқа сәйкес, қазіргі екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құру ұсынылып отыр. Оның құрамында 145 депутат болады, олар пропорционалды жүйе бойынша 5 жылға сайланады.
Бұл жерде маңызды нәрсе бар. Құрылтай тарихи институтты сол күйінде қайталау емес. Депутат Айдос Сарымның сөзінше, жаңа Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде қарастырылып отыр. Яғни атауы тарихи болғанымен, мазмұны қазіргі заманғы өкілді демократия қағидаттарына негізделмек.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, парламентті міндетті түрде “Парламент” деп атау шарт емес. Көп ел өз заң шығарушы органына тарихи, ұлттық немесе саяси дәстүріне сай атау берген. Мысалы, АҚШ-та – Конгресс, Түркияда – Ұлы ұлттық жиналыс, Польшада – Сейм, Ресейде – Мемлекеттік Дума мен Федерация Кеңесі, Германияда – Бундестаг пен Бундесрат, Израильде – Кнессет, Моңғолияда – Мемлекеттік Ұлы Хурал, Қырғызстанда – Жогорку Кеңеш, Өзбекстанда – Олий Мажлис. Бұл атаулардың көбі сол елдің саяси тарихымен, тілдік дәстүрімен және мемлекеттік болмысымен байланысты.
Депутаттар саны неге байланысты?
Халық санына шаққанда да Қазақстандағы 145 депутат тым үлкен көрсеткіш емес. Дүниежүзілік банк дерегінше, Қазақстан халқы 2024 жылы 20,6 млн адам болған. Егер 145 депутаттық модель енгізілсе, шамамен 142 мың адамға бір депутаттан келеді.
Салыстыру үшін, Қырғызстанда 7 млн халыққа 90 депутат бар. Бұл шамамен 78 мың адамға бір депутат деген сөз. Моңғолияда 3,43 млн халыққа 126 депутаттан келеді. Яғни бір депутатқа небәрі 27 мың адамнан айналады. Өзбекстанда төменгі палатада 150 депутат бар, ал Сенатты қоса есептегенде парламент мүшелерінің жалпы саны бұдан да көп.
Алыс елдермен салыстырсақ та, Қазақстандағы 145 депутаттық модель аса ірі парламент қатарына жатпайды. Түркияда 87 млн халыққа 600 депутат бар. Германияда Бундестагтың заңмен бекітілген құрамы 630 депутатқа дейін шектелген, бұған қоса 69 мүшесі бар Бундесрат жұмыс істейді. Францияда Ұлттық ассамблеяда 575, Сенатта 348 мүше бар. Сан жағынан қарасақ, бұл қазіргі Қазақстан Парламентінен көп емес және халықаралық тәжірибемен салыстырғанда да орташа көрсеткішке жақын. Бірақ қоғамның алаңдаушылығы депутаттардың санында ғана емес.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның “Құрылтай” атауына көшуі әлемдік тәжірибеден тыс құбылыс емес. Керісінше, көптеген мемлекет заң шығарушы органының атауын ұлттық саяси мәдениетпен байланыстырады. Әсіресе Моңғолиядағы “Мемлекеттік Ұлы Хурал” атауы түркі-моңғол кеңістігіндегі тарихи құрылтай, кеңес, жиын дәстүріне жақын.
Бірақ атаудың өзі саяси жүйенің сапасын автоматты түрде өзгертпейді. Негізгі мәселе – Құрылтайдың нақты өкілеттігі, депутаттардың дербестігі, партиялық бәсекенің шынайылығы және парламенттік бақылаудың қаншалықты күшейетіні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы керек екенін айтып, комитет саны 8-ден аспауы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Халықаралық парламенттік одақтың дерегінше, әлемдегі 188 ұлттық парламенттің 107-сі бір палаталы, 81-і екі палаталы жүйемен жұмыс істейді. Демек бір палаталы модель әлемде кең таралған. Мұндай жүйенің артықшылығы – заң қабылдау процесі ықшамдалады, жауапкершілік бір органға шоғырланады. Ал тәуекелі – тежемелік әрі тепе-теңдік механизмдері әлсіреуі мүмкін.
Құрылтай қандай болады? – заңгер жаңа органның өкілетін түсіндірді
Қазақстанда Құрылтай құру бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Билік жаңа органның өкілеті күшейетінін айтып отыр. Әсіресе Үкіметті бақылау, кадрлық шешімдерге ықпал ету және саяси шешім қабылдау тетіктері кеңейеді деген пікір жиі айтыла бастады. Заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасұлов Құрылтайдың нақты қандай орган болатынын және оның ықпалы қандай механизмдер арқылы артатынын түсіндірді.
Заңгердің айтуынша, Құрылтай тек заң қабылдайтын классикалық парламент емес, мемлекеттік басқаруда ықпалы жоғары саяси институтқа айналуы мүмкін.
Оның сөзінше, Құрылтай ең алдымен заңнамалық шешімдер қабылдайтын негізгі орган болады. Яғни конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдау құқығына ие болады.
Сонымен қатар жаңа орган мемлекеттік-саяси шешімдерге де қатысады. Әңгіме соғыс және бейбітшілік мәселелері, сондай-ақ Қарулы күштерді пайдалану туралы шешімдер жөнінде болып отыр.
Ермек Әбдірасұловтың айтуынша, Құрылтайдың ең маңызды ықпалы кадрлық мәселелерде байқалуы мүмкін.
Премьер-министрді, Вице-президентті, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға Құрылтай келісім береді. Сонымен бірге Президент ұсынған Жоғарғы сот судьяларын қызметке тағайындап, қызметтен босатады, – дейді заңгер.
Оның айтуынша, жаңа органның ықпалын күшейтетін негізгі тетіктің бірі – Үкіметті бақылау мүмкіндігі.
Мәселен, Құрылтай республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін қарап, бекітеді. Егер депутаттар Үкіметтің бюджетті орындау жөніндегі есебін қабылдамаса, бұл Үкіметке сенімсіздік вотумы ретінде қарастырылады.
Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі бастама көтерсе, Үкімет мүшелерінің қызметіне қатысты есеп тыңдай алады.
Ал егер депутаттардың кемінде үштен екісі министрдің заңдарды орындамағанын мойындаса, Президентке оны қызметтен босату туралы ұсыныс енгізуге құқылы болады.
Бұл жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметтен босатады, – деп түсіндірді Ермек Әбдірасұлов.
Сарапшының пікірінше, дәл осы бақылау механизмі Құрылтайдың саяси салмағын арттыратын негізгі факторлардың біріне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар Құрылтай ұйымдастырушылық шешімдерге де ықпал етеді. Атап айтқанда, Президент сайлауын жариялау және жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтеру құқығына ие болады.
Заңгердің айтуынша, Құрылтайдың ықпалы бірнеше конституциялық тетік арқылы қамтамасыз етіледі.
Заң шығару механизмі, кадрлық механизм, бақылау тетіктері, саяси-мемлекеттік және ұйымдастырушылық функциялар арқылы Құрылтайдың ықпалы артады. Конституцияға сәйкес бұл орган заң шығарушы биліктің орталығы, кадрлық және саяси шешімдердің негізгі субъектісі, сондай-ақ Үкімет тағдырына ықпал ете алатын институт ретінде қалыптасады, – деді ол.
Тағы оқи отырыңыздар: Қазақстанда билік жүйесі қалай өзгереді? Парламент үш ірі реформаны мақұлдады
Қазақстан Үкіметі биыл отставкаға кетеді
Қазақстанда саяси жүйені жаңғырту жалғасып жатыр – Ерлан Қарин
Ең оқылған:
- Алматыда таңғажайып жағдай: Келіншек жүкті екенін босанатын күні ғана білген
- Қазақстанда ең төменгі жалақы қашан өсетіні белгілі болды
- Жамбыл облысында бірнеше күннен бері іздестірілген ер адам табылды
- "Сәлемдеме келді": Ақтөбеде алаяқтар тұрғынды несие алуға көндірмек болған
- Қазақстан соғыс ардагерлеріне төлем көлемі бойынша ТМД-да көш бастап тұр
Олжас АДАЙ