Әлемде: Грекия танкеріне шабуыл жасалды, Корея мен Вьетнам жаңа жоспар құрды, мұнай бағасы шарықтады

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:17
Бүгiн 2026, 10:17
112
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Грекия кемесі Ормуз бұғазы маңында шабуылға ұшырады

Ормуз бұғазы маңында Грекияның жүк кемесі шабуылға ұшырады. Бұл туралы CNN телеарнасына берген сұхбатында Грекияның сыртқы істер министрі Йоргос Герапетритис мәлімдеді.

Оның айтуынша, оқиға кезінде Либерия туымен жүзетін, бірақ Грекияға тиесілі кеме бұғаздан шығуға әрекеттенген.

Герапетритис жағдайды өте алаңдатарлық деп атап, биліктің барлық грек кеме иелеріне барынша сақ болуға және мүмкіндігінше Ормуз бұғазы арқылы өтпеуге шақырған ескерту жолдағанын хабарлады.

Оңтүстік Корея мен Вьетнамның жаңа жоспары

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты туындаған жаһандық тұрақсыздық аясында Сеул мен Ханой энергетикалық қауіпсіздік және жеткізу тізбегі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Мұндай мәлімдемені Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Ханойда Вьетнам көшбасшысы То Ламмен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша жасады.

Оңтүстік Корея басшысының айтуынша, тараптар жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы жағдайында екіжақты іс-қимылдың маңызы ерекше екеніне ортақ мәмілеге келген.

Сеул мен Ханой өзара сауда көлемін 2030 жылға қарай 150 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласты. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 94,6 миллиард долларды құраған болатын.

Сондай-ақ, тараптар инвестицияны кеңейту және экономикалық байланыстарды тереңдету қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Ли Чжэ Мён Корей түбегіндегі бейбітшілікті нығайту жолындағы қадамдар туралы айтса, То Лам Сеулдің КХДР-мен диалогты қайта бастауға деген талпынысын қолдады.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық аренада, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға келісті.

Оңтүстік Корея президентінің Вьетнамға сапары төрт күнге созылатыны атап өтілді. Ол То Лам мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін елге келген алғашқы шетелдік көшбасшы болды.

Әлемде мұнай бағасы әлі де көтеріліп жатыр

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты белгісіздік аясында мұнайдың әлемдік бағасы өсуін жалғастыруда. Brent маркалы мұнайдың бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан жоғары көтерілді.

Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің құны 5,40 пайызға өсіп, барреліне 103 доллардан асты. Бұған Астана уақытымен сағат 08:00-дегі сауда-саттық мәліметтері дәлел бола алады.

WTI маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің құны 5,64 пайызға өсіп, барреліне 94,73 долларды құрады

Айта кетейік, Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасының көтерілуіне әсер етуде.

 

Наверх