Әлемде: АҚШ Иран порттарын құрсауға алды, БҰҰ дабыл қақты, Илон Маск Венгрия билігінің артында Сорос тұрғанын айтты

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 09:59
Бүгiн 2026, 09:59
139
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

АҚШ Иран порттарына әскери-теңіз блокадасын бастады

Ақпарат агенттіктері мен халықаралық басылымдардың (Reuters, The Guardian, Kazinform) хабарлауынша, АҚШ-тың Иран порттарына қарсы әскери-теңіз блокадасы ресми түрде күшіне енді.

Аймақтағы кеме қатынасы тәуекелдерін бақылайтын Ұлыбританияның Теңіз сауда тасымалы басқармасы (UKMTO) хабарлағандай, 13 сәуір Гринвич уақытымен сағат 14:00-ден (Астана уақытымен 20:00) бастап Иран порттары мен жағалау маңындағы аудандарға, соның ішінде Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Ормуз бұғазының шығысындағы Араб теңізі акваторияларына теңіз арқылы кіруге шектеулер қойылды.

Басқарма мәліметінше, шектеулер қай елдің туы астында жүзгеніне қарамастан, Иран порттарына, мұнай терминалдарына немесе жағалаудағы инфрақұрылым нысандарына баратын барлық кемеге қолданылады.

Бұл шаралар Иранның бүкіл жағалау сызығын, соның ішінде порттар мен энергетикалық нысандарды қамтиды. Сонымен қатар, Ормуз бұғазы арқылы Иранға жатпайтын порттарға бағытталған транзиттік қатынас бұғатталмайтыны хабарланды. Дегенмен, кемелер өту кезінде әскери күштердің бақылауына, байланыс арқылы берілетін тікелей бұйрықтарға, сондай-ақ тексеру және бақылау процедураларына тап болуы мүмкін.

Иран порттарында тұрған бейтарап кемелерге ол жерден шығып үлгеру үшін шектеулі уақыт берілді. Өз кезегінде, кеме қатынасы компанияларына жоғары дайындықты сақтау, навигациялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету және байланыс орнату кезінде ерекше сақтық таныту ұсынылды.

БҰҰ: Ормуз бұғазын жабуға ешбір елдің қақысы жоқ

ВВС агенттігі БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) мәлімдемесін таратты. Ұйымның пайымдауынша, Ормуз бұғазының жабылуы халықаралық құқық нормаларын тікелей бұзу болып табылады.

Лондонда өткен брифингте IMO бас хатшысы Арсенио Домингес халықаралық кеме қатынасы үшін стратегиялық маңызы бар бұл су жолын бұғаттауға ешбір мемлекеттің құқығы жоқ екенін атап көрсетті. Ол өз сөзінде әлемдік заңнамаға сәйкес, мемлекеттердің мұндай транзиттік аймақтарды жабуға өкілеттігі жоқ екенін еске салды.

Домингестің пікірінше, қазірдің өзінде бұғаздағы кеме қозғалысы шектеліп отыр, ал оны толық оқшаулау әлемдік экономикаға үлкен нұқсан келтіреді.

Қазіргі таңда 20 мың теңізші транзит жасай алмай, қиын жағдайда қалған. Бұл жаһандық саудаға ауыр соққы болып қана қоймай, ахуалдың одан әрі ушығуына әкеп соғуы мүмкін.

Ұйым басшысы бұғазға қатысты кез келген шектеу шаралары қақтығысты шешуге көмектеспейтінін, керісінше, жағдайды күрделендіре түсетінін жеткізді.

Илон Маск Венгриядағы жаңа биліктегі миллиардер кім екенін айтты

Илон Маск Венгриядағы жаңа биліктің артында тұрған америкалық миллиардердің есімін атады.

Америкалық кәсіпкер әрі миллиардер Илон Маск америкалық қаржыгер және филантроп Джордж Сорос Венгрияда билікті қолға алды деп мәлімдеді.

Бұған дейін Соростың ұлы Венгриядағы парламенттік сайлауға қатысты пікір білдіріп, онда дауыстардың 98,79 пайызы есептелгеннен кейін оппозициялық «Тиса» партиясы алда келе жатқанын және 199 орынның 138-ін иеленетінін айтқан болатын. Ол Венгрия халқы «өз елін өзіне қайтарып алды» деп мәлімдеді.

Сорос ұйымы Венгрияда билікті басып алды, - деп жазды Маск Х әлеуметтік желісінде.

Қытай Таяу Шығыстағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуді ұсынды

ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Пәкістанның СІМ басшысы Исхак Дармен телефон арқылы сөйлесу барысында Таяу Шығыс мәселесіне тоқталды.

Министрдің пайымдауынша, бүгінде Парсы шығанағындағы жағдай шешуші кезеңге таяп қалған, сондықтан халықаралық қауымдастық диалогты қолдап, бітімгершілікке кедергі келтіретін қадамдарға тосқауыл қоюы тиіс.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Қытай тарапы қазіргі тыныштықтың өте нәзік екенін ескертіп, жанжалды ушықтырмауға шақырады.

Наверх