- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Әлемде алтын бағасы рекорд жаңартты: Cарапшылар себебін түсіндірді
Әлемде алтын бағасы рекорд жаңартты: Cарапшылар себебін түсіндірді
Инвесторлар жаппай алтын сатып алуда.
Бүгiн 2026, 09:25
2025 жылдың соңына қарай әлемдік алтын нарығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Биржадан тыс операцияларды қоса есептегенде алтынға деген жалпы сұраныс 5 002 тонна болды. Бұл туралы EconomyKZ.org порталының сарапшысы Сұлтан Уәлиханов мәлімдеді. Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Сарапшының айтуынша, 2025 жылдың соңында алтын нарығы бұрын тек теориялық тұрғыда айтылып келген деңгейге көтерілді.
Әлем бойынша алтынға деген жиынтық сұраныс, биржадан тыс мәмілелерді қоса алғанда, 5 002 тоннаны құрады. Бұл – бақылау жүргізілген бүкіл кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейінгі рекордтар тек сандар бойынша ғана емес, сұраныстың құрылымы жағынан да әлдеқайда әлсіз көрінеді, – деді Сұлтан Уәлиханов.
Оның сөзінше, баға динамикасы да осы үрдісті айқын көрсетеді.
Қаңтар айының соңында алтынның бағасы бір унция үшін 5 000 доллардан асып, кейін шамамен 5 600 долларға дейін көтерілді. Одан соң тез арада түзету байқалды. Апта қорытындысында баға 4 982 доллар деңгейінде жабылды. Түзетуге қарамастан, апта ішіндегі өсім оң күйінде қалды – шамамен 0,7%. Жыл басынан бері алтын шамамен 14%-ға қымбаттады, – деді сарапшы.
Уәлихановтың пікірінше, нарықтағы негізгі өзгерістер бағаның өзінен гөрі алтынды кім және қандай мақсатпен сатып алып жатқанына байланысты.
2025 жылы нарыққа негізгі қолдауды инвесторлар мен орталық банктер көрсетті. Ал бұрын баға өсімін белгілі бір деңгейде теңгеріп келген зергерлік сектор әлсірей бастады, – деді ол.
Алтын нарығындағы басты қозғаушы күш – инвестициялық сұраныс болды.
«2025 жыл бойы инвесторлар алтын ETF қорларына белсенді түрде қаржы салды. 2026 жылдың басында да бұл үрдіс сақталды, бірақ қарқыны сәл бәсеңдеді. Қаражат ағыны жалғасып жатыр, алайда деривативтер нарығында қатысушылардың сақтығы күшейгені байқалады», – деді EconomyKZ.org сарапшысы.
COMEX биржасындағы жағдай да осы үрдісті растайды.
Қаңтар айының соңында активтерді басқарушылардың таза ұзақ позициясы шамамен 378 тоннаны құрады. Басқа қатысушыларда тағы шамамен 264 тонна жинақталған. Жалпы алғанда таза лонг 640 тоннадан асты. Бұл жоғары көрсеткіш, дегенмен соңғы апталарда ол қысқара бастады, – деді Уәлиханов.
Сарапшының айтуынша, орталық банктердің әрекеті басқа логикаға негізделген және нарыққа ұзақ мерзімді қолдау көрсетеді.
Орталық банктер апта сайынғы баға ауытқуларына қарап стратегиясын өзгертпейді. Сондықтан қазіргі бағаның төмендеуі терең құлдыраудың басталуы сияқты көрінбейді, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар оның сөзінше, зергерлік сектор қысымға тап болды.
Бағаның өсуі алтынды түпкі тұтынушылар үшін қолжетімсіз ете түсті. 2025 жылы зергерлік бұйымдар өндірісі қысқарды. Бұл сегмент енді нарықты теңгермейді, керісінше құбылмалылықты күшейтеді, – деді сарапшы.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, қысқа мерзімді сұраныстың негізгі көздерінің бірі – Қытай болды.
Бір апта ішінде қытайлық алтын ETF қорларына түскен қаражат көлемі АҚШ-тағы көрсеткіштерден асып түсті. Баға түзетілген кезде сатып алушылар бірден белсенділік танытты, – деді Уәлиханов.
Сонымен бірге ол Қытай нарығы баға өзгерістеріне өте сезімтал екенін атап өтті.
Алтын нарығына макроэкономикалық факторлар да ықпал етіп отыр.
АҚШ Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені 3,50–3,75% деңгейінде сақтады. Доллар индексі ұзақ мерзімді өсім трендін бұзды. Бұл алтын үшін ұзақ мерзімде қолайлы фактор болғанымен, қысқа мерзімде нарықтағы алаңдаушылықты күшейтеді, – деді сарапшы.
Қорытындылай келе, Уәлиханов алтынның әлемдік нарықтағы рөлі айтарлықтай өзгергенін айтты.
Алтын енді жай ғана "тыныш айлақ" емес. Ол жаһандық белгісіздіктің индикаторына айналып барады. Мұндай жағдайда нарық бірқалыпты трендтермен емес, күрт ауытқулармен қозғалады, – деп түйіндеді сарапшы.
Соңғы жылдары алтын бағасының өсуі әлемдік экономика мен қаржы жүйесіндегі ауқымды өзгерістер аясында жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бағалы металлға қызығушылық әсіресе жаһандық белгісіздік кезеңінде күшейеді. Мұндай жағдайда инвесторлар ықтимал тәуекелдерден қорғану үшін капиталын сақтаудың жолдарын іздейді. Осы тұрғыда алтын дәстүрлі түрде ең сенімді қорғаныс активтерінің бірі ретінде қабылданады.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары алтынға сұраныстың артуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Солардың бірі – әлемнің түрлі өңірлеріндегі геосаяси тұрақсыздық. Әскери қақтығыстар, ірі экономикалар арасындағы сауда текетірестері, сондай-ақ энергетика мен шикізат нарығындағы шиеленіс инвесторларды капиталын сақтаудың тұрақты құралдарын іздеуге итермелейді. Мұндай жағдайда алтын әмбебап актив ретінде қарастырылады, өйткені ол күрделі экономикалық күйзелістер кезінде де өз құнын сақтай алады.
Ең оқылған:
- «Өзім емделемін» деген келіншектің ісігі 25 келіге жеткен: Дәрігерлер бірегей ота жасады
- Жұмысшылар LRT вагондарын қолмен итеруде: CTS ресми түсініктеме берді
- Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді
- Ақтөбе облысында жаппай төбелесте 17 жастағы бозбала қаза тапты
- Нетаньяху: Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысқа тартқан жоқ