Әлем елдерінде ерекше вакциналау пунктері ашылып жатыр

14 Тамыз 2021, 10:00
4491
Бөлісу:
Әлем елдерінде ерекше вакциналау пунктері ашылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында бір тәулікте 390 адамнан қауіпті инфекция табылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, өңір орталығы Сидней осымен жетінші апта қатаң карантинде қалып отыр. Бұл шектеу штаттағы жағдайға байланысты тағы бір айға ұзартылуы мүмкін. Ал ел астанасы Канберрада бір апталық локдаун жарияланды. 

Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, билік өкілдері ұзақ уақыт бойы індеттің таралуын бақылауда ұстап келген. Алайда Австралияда «Дельта» штам тіркелгелі іс насырға шапқан.  Індетке қарсы тұрудың жалғыз құралы – вакцина. Сондықтан әр мемлекет екпе орындарын мейлінше қолжетімді етуге тырысып, вакциналау орталықтарын құрып жатыр. 

Кейде тіпті адам ойына келе қоймайтын орында ашылуда. Бұл –бүкіл әлемге танымал Кешірімді Иса мәсіх мүсіні. Коронавирус алқымнан алған тұста дәл осы ескерткіштің етегінде Риодағы алғашқы вакциналау орталықтарының бірі ашылып, халыққа үлкен үміт сыйлаған еді. Ал індеттен үрейі қашқан британдықтар көне шіркеуге барып, екпе салдырды. Аурудың алдын алу үшін алып стадиондар да бірінен соң бірі вакциналау орталықтарына айналды. Билік өкілдері, осылайша, онсызда бос тұрғын нысандарды ұтымды пайдаланып қалуға тырысты. 

Бастапқыда түбегейлі қарсы болдым. Кейін айналамдағы адамдардың вакцина алып жатқанын көріп, ойымды өзгерттім. Себебі кез келген уақытта вирусқа шалдығып қалуың мүмкін, - дейді тұрғын.

Ал бұл – Калькутта қаласындағы теміржол вокзалы. Бір қызығы, мұндағы жұрт жаһан кезу үшін емес, вакцина алуға жиналған. Себебі әдеттегі пойыз вагондары енді вакциналау бекеті ретінде қолданыла бастаған.  

Осы жерден вакциналау орталығын аштық. Оған бір ай уақыт кетті. Мұнда негізінен теміржол қызметкерлері вакцина алып жатыр. Бірақ басқа тұрғындарды да қабылдауға дайынбыз, - деді дәрігер Абхинандан Пол Чоудхари. 
Румыния билігі әйгілі Дракула қамалында вакцина салу орталығын ашты. Саяхаттап келгендерге Pfizer BioNTech препараты ұсынылады. Ал азаматтарды ынталандыру мақсатында вакцина алған әр адамға ортағасырлық азаптау құралдары көрмесіне тегін билет беріледі екен. Коронавируспен күрестің жалғыз жолы вакцина екенін түсінген әлем елдері вакциналау орындарын мейлінше қолжетімді етуге тырысады.

Екпе егу науқаны кейде адам ойына келмейтін жерлерде жүргізіліп жатыр. Ғибадатханалар, музейлер, стадиондар мен дәмханалар, тіпті түнгі клубтар соның бір бөлігі ғана. Қандай жер болмасын, бастысы, мейлінше көп адамның қажетті вакцинамен қамтылғаны керек.
Өзгелердің жаңалығы