Алексей Цой: Әлі вакцина салдырмадым

3 Қаңтар 2021, 13:35
2536
Бөлісу:
Алексей Цой: Әлі вакцина салдырмадым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында коронавирусқа қарсы вакцинаны неге әлі салдырмағанын айтты.

Мен әзірге қазақстандық вакцинаны да, ресейлік вакцинаны да салдырмадым. Қазір біз қорытынды нәтижені күтіп отырмыз. Вакцина Қазақстанда ресми тіркеліп, жаппай вакцинацияға шыққан сәтте міндетті түрде алғашқылардың бірі болып вакцина салдырамын, - деді ол.

Брифинг барысында министрге сұрақ қойған журналист одан неге ресейлік вакцинаны қолдайтынын және қазақстандық вакцинаны қолдамайтынын сұрады. 

Мұндай бөлінушілік болмауы үшін және екі вакцинаның да қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін министрлік қызметкерлерінің жартысы ресейлік, ал жартысы қазақстандық вакцина салдыратын болады. Бірақ біз әзірге нақты тіркелуін және тиімді әрі қауіпсіз екенін тексеруді күтіп отырмыз. Осыдан кейін екпе салдырудан бас тартпаймыз, ешқандай да проблема жоқ. Біз де бұл қауіпсіздігіміздің басты факторларының бірі деп есептейміз, - деді Цой.

Алайда журналист Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев, Президент кеңесшісі Ерлан Қарин, сондай-ақ шетелде де шенеуніктер вакцина салдырып жатқанын айтты. 

Әріптестерімнің екпе салдырып жатқаны жақсы. Алайда мынаны түсініп алу маңызды. Денсаулық сақтау министрі вакцина салдырса, бұл халықты вакцина салдыруға шақыру деп есептеледі. Яғни, вакцина қауіпсіз әрі тиімді екені 100 пайыз дәлелденген деген сөз. Сондықтан біз медициналық жұмысшы ретінде, осы саладағы маман ретінде оның қауіпсіз әрі тиімді екеніне кепіл болуымыз керек. Қазір ол клиникалық сынақтың бірінші және екінші фазасында қауіпсіз әрі тиімді деген қорытынды алдық. Реттеуші ретіндегі біздің міндет - барлық қажет қорытындыны алған соң вакцина салдырып, оны көрсетеміз. Себебі халық оның тиімді әрі қауіпсіз екенін түсінуі керек. Қазір вакцина салдырғандарға келсек, бұл ерікті шара, әркім өзі шешім қабылдайды, бұл клиникалық зерттеу аясында жүріп жатыр. Мұндай зерттеуге қатысу үшін күн сайын дене қызуын өлшеп, қосымша барып, тексерілу керек. Сондықтан біз жаппай вакцинациялау басталғанда әрекет етеміз, - деді министр.
Айта кетейік, Алексей Цой бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында коронавирус пандемиясы бойынша әлемдегі жағдайға тоқталды.
Өзгелердің жаңалығы