Вакцина егілгеніне 4 күн өтті. Қарин екпе алғаннан кейінгі жағдайын айтты

29 Желтоқсан 2020, 17:32
4176
Бөлісу:
Вакцина егілгеніне 4 күн өтті. Қарин екпе алғаннан кейінгі жағдайын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейінгі жағдайымен бөлісті. 

Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Сонымен, вакцина егілгеніне бүгін төртінші күн. Көптеген журналист, әріптес, достарым хабарласып, «Қалыңыз қалай? Өзіңізді қалай сезініп жүрсіз?» деп сұрап жатыр. Ешқандай да бір өзгеріс жоқ. Дәрігерлер вакцина қабылдаған күні дене қызуы болмаса да, орны бір-екі күндей ауырады деп ескерткен. Орны ауырғаны рас. Бірақ сол күні кешке басылды. Вакцинаны жұма күні түске дейін салдырдым. Сол күні «әлдебір әсері болып қалуы мүмкін ғой» деген оймен жоспарланған кейбір кездесуімді басқа күнге ауыстырғанмын. Дегенмен ешқандай да өзгеріс байқамадым, - деп жазды ол.

Оның айтуынша, вакцинаны салдырмас бұрын, жақсылап ойланғанын айтты.

Жалпы, вакцина салдыру жөніндегі шешімді кенеттен, бір күнде қабылдай салған жоқпын. Біраз ойланып, ақыл таразысына салып барып, осындай шешімге келдім. Өткен дүйсенбі күні осы мәселемен айналысып жатқан мамандарға вакцина салдыру туралы ойымды жеткіздім. Олармен ақылдастым, содан соң өзім қаралып жүрген дәрігерлермен кеңестім. Мұнан кейін, белгіленген талаптарға сәйкес екі күнде алдын ала барлық анализді тапсырдым. Дәрігерлер ПТР сынамасын, қан алды, жүректі қарады және тағы басқа қажетті процедуралар жасады. Бейсенбі күні сол анализдердің нәтижелері шыққаннан кейін, «ертең вакцина саламыз» деп хабарласты. Ал жұма күні, вакцина салдырардан бір-екі сағат бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарласып, «Егер күмәнданып тұрсаңыз, әлі де бас тартуға кеш емес. Өз қалауыңызға қараймыз. Ал егер вакцина салдырудан бас тартсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ, түсіністікпен қараймыз» деп ескертті. Мен шешімімді өзгертпейтінімді айттым. Сөйтіп, сол күні 12.30-да вакцина егілді, - деп жазды Қарин.

Ерлан Қарин вакцинаның егілгенін халыққа жеткізу туралы арқылы отандық ғалымдарға қолдау көрсеткісі келгенін айтты.

Ал вакцинаның егілгенін жария ету туралы кейін, келесі күні түстен кейін ғана шешім қабылдадық. Ол жерде екі-ақ себебі болды. Біріншіден, отандық ғалымдарға қолдау көрсету. Қазақстанда жасалып жатқан вакцина медицина саласында елу жылдай қолданылып келе жатқан платформа негізінде дайындалуда. Және біздің институт аса қауіпті инфекцияларды зерттеу саласында ғылыми базасы қалыптасқан ТМД кеңістігі емес, ал әлемдегі ең үздік орталықтардың бірі. Екіншіден, халықтың денсаулығына қатысты маңызды дүние болған соң, ең алдымен мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар өзімізден бастағанымыз дұрыс болар деп ойладым. Шетелдік вакциналар түбінде елімізде тіркелгенімен, негізінен қолжетімді болатыны отандық вакцина, демек халық пайдаланатын вакцинаны алдымен өзіміз сынап көргеніміз қалай болған да дұрыс. Міне, бұл мәселенің бар астары осы. Менің түсінгенім, бүгінде кейбір азамат вакцина егілгені жалған десе, басқалары бұл өзін өзі жарнамалау үшін жасалған қадам деп күмәндануда. Ақталып, дәлелдеп жатуға уақытым да, құлқым да жоқ. Кім қалай қабылдайды, әркімнің өз еркі. Ең бастысы, ниетім таза болды. Ара арасында күй жағдайым туралы хабарлап отырамын, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, жақында ҚР Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қаринге сынақтың соңғы сатысынан өтіп жатқан қазақстандық QAZCOVID-IN вакцинасы егілген болатын.
Өзгелердің жаңалығы