Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты іс бойынша куәгерлердің басым бөлігі сотталушының алкоголь ішпегенін айтқанымен, оның қанынан алкоголь табылған. Бұл туралы адвокат Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокаттың сөзінше, қайғылы оқиға болар уақыт алдында күдіктімен бір дастарханда отырған куәгерлер сотталушының нақты не ішкенін бақыламаған және кейбіреуі отырыстан ерте кетіп қалған.
Куәгерлер сотталушының нақты не ішкенін тексерген жоқ. Іс материалдарында чек бар, сонымен қатар кейбір куәгерлер ерте кетіп қалған. Бір куәгер әйел өзінің алкоголь пайдаланғанын, яғни шарап ішкенін айтты, – деді ол.
Черновтың айтуынша, іс бойынша әлі екі куәгерден жауап алынбаған. Ол барлық куәгер сотталушы алкоголь ішпеді деп айтқан жағдайда, онда қанда анықталған алкогольге қатысты сұрақтар туындайтынын жеткізді.
Егер барлық куәгер оның алкоголь ішпегенін айтса, онда бір ғана қорытынды қалады – қаннан табылған алкогольдің қайдан шыққанын анықтау қажет болады, – деді адвокат.
Сондай-ақ журналистер адвокаттан куәгерлердің жалған жауап беруіне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылуы жөнінде сұрады. Оның айтуынша, мұндай шешімді тергеу органдары қабылдаған.
Егер қылмыстық іс тіркелсе, оны тоқтату туралы шешімді де құзырлы органдар қабылдайды. Қазір бұл мәселе прокуратура деңгейінде қаралып жатыр, – деді Чернов.
Еске салайық, бүгін Алматыда 21 наурызға қараған түні үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот отырысы өтті. Сот куәгерлерден жауап алудан басталды.
Сонымен қатар, бүгін үшінші жәбірленуші тарап та күдікті Александр Пакқа кешірім бергені белгілі болды.
Бұған дейін адвокаты Олег Чернов күдікті Александр Пактың жазадан құтылып кетуі екіталай екенін айтқан еді.
Тағы оқи отырыңыз: Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: Куәгерлер жауап бере бастады
Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: ІІМ татуласу жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді.