Атырауда тұрғын үй кооперативтеріне қыруар қаржысын аударып, сан соғып қалған тұрғындардың мәселесі біртіндеп шешіле бастады. Алданған азаматтардың проблемасын қала прокурорлары қатаң бақылауға алып, біржақты етуге кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда "Baisanat Residence" тұрғын үйінің құрылысын жалғастыруға ниетті кәсіпкер табылды. Бұл баспана иелеріне 89 адам алданған еді. Олар бас-аяғы 1,1 млрд теңге ақша салыпты. Су жаңа пәтерді күткен халықтың арманы орындалмады. Көп ұзамай құрылыс тоқтап қалған.
Мұндай мәселе жалғыз бұл үйде ғана емес, "Family Town", "Қазанат", "Ақмаржан" тұрғын үй кешендерінде де бар.
-Зардап шеккен салымшылардың құқықтарын қорғау мақсатында Атырау қаласының прокуратурасы "Baisanat Residence" кешені мен құрылтайшыларының жасаған келісімшарттарын бұзу, сонымен қатар, орта жолда қалған құрылыс нысандарынан алынған ақшаны пайшыларға қайтару туралы талап арыз дайындап, Атырау қаласының сотына жүгінді. Нәтижесінде сот прокурорлар талабын заңды деп тапты. Бұл шешім арқылы құрылысқа өзге инвестор кірісе алады. Яғни тұрғындар ұзақ күткен баспаналарына қоныстанады, - дейді Қала прокурорының орынбасары Ерлан Какиев.
Тұралап қалған "Қазанат" тұрғын үйінің құрылысын да жалғастыратын атымтай жомарт табылған. Ал "Family Town" баспанасы бойынша құжаттарды рәсімдеу аяқталып, "Андорра Констракшн" кешені бойынша сотқа талап-арыз дайындалып жатқан көрінеді. "Saraishyq invest group" үйінің құжаттары заңдастырылса, "Жібек жолы" кооперативінің инвесторы құрылысқа кірісіп кеткен.
Жалпы Атырау облысы бойынша бүгінге дейін кооперативтерге 478 адам алданған. Оларға 4.7 млрд теңге шығын келіпті.