Алдағы күндері 38 градусқа дейін ыстық болады

5 Мамыр 2025, 17:26
1965
Бөлісу:
Алдағы күндері 38 градусқа дейін ыстық болады
Фото: pixabay.com

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстан аумағына оңтүстіктен келетін циклон әсер етпек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соның салдарынан 6-8 мамыр аралығында елдің батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерінде, ал 8 мамырдан бастап орталық, шығыс пен оңтүстік аймақтарда күн райы құбылмалы болады. Көптеген өңірде жауын-шашын күтіліп, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін.

6-7 мамырда Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында, 7 мамырда Маңғыстау облысында, ал 7-8 мамыр аралығында Ақтөбе облысында қатты жаңбыр жауады деп күтілуде. Қарағанды облысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Сонымен қатар Қазгидрометтің болжауынша, республиканың оңтүстік-батысында және 8 мамырда оңтүстік-шығыс өңірлерінде шаңды дауыл тұру ықтималдығы бар.

Сәуірдің соңғы және мамырдың алғашқы аптасында ауа температурасы да құбылып тұр.

  • Батыс өңірлерде күндізгі температура 23–30 градустан 21–26 градусқа дейін төмендейді.
  • Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс аймақтарда 20–25 градустан 24–29 градусқа дейін көтеріледі.
  • Орталықта күн райы 22–30 градустан 27–35 градусқа дейін жылиды.
  • Оңтүстік өңірлерде 31–38 градусқа дейін жылы болады.
  • Ал оңтүстік-шығыста ауа температурасы 25–32 градустан 30–38 градусқа дейін жетуі мүмкін.

6 мамырда түнгі және таңғы уақыттарда Павлодар мен Абай облыстарында, 6-7 мамырда Шығыс Қазақстанда үсік жүретіні ескертілді.

Өзгелердің жаңалығы