Алдағы 10 жылда әлемдік сауданың барлық көлемі Азияға көшпек – министр

27 Қыркүйек 2023, 14:49
952
Бөлісу:
Алдағы 10 жылда әлемдік сауданың барлық көлемі Азияға көшпек – министр
Фото: primeminister.kz

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жолдау аясында Президент берген тапсырмаға сәйкес, жаңа нарықтарға шығу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, Қазақстанның оңтүстік бағыттағы Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының және Парсы елінің порттарына шығу үшін сауда-экономикалық бағыттарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тауарларымызды Еуропалық одақ, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына жылжыту белсенді пысықталып жатыр. Сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы 10 жылда әлемдік сауданың барлық көлемі Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияға көшпек, – деді министр.

Сондай-ақ дәстүрлі нарықтарда, оның ішінде Орта Азия, Әзірбайжан, Иран елдерінде экспортты ұлғайту бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Қазірдің өзінде Түрікменстан арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын ұлғайту бойынша да жұмыстар пысықталуда, Пәкістанмен жаңа логистикалық шешімдер әзірленді. 2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 46,5 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Министр жоспарда сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 5 шекарааралық хаб құрып, сол арқылы тауар айналымының орта есеппен 30%-ға өсуін қамтамасыз ету де бар екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы