Алаяқтардың арбауына түскен ана

24 Қараша 2022, 17:45
4818
Бөлісу:
Алаяқтардың арбауына түскен ана

Атыраулық тұрғындар алаяқтардың арбауына түскен. Халыққа қолжетімді бағада тұрғын үй жиhазын жасап беремін деген азаматтар миллиондарды алып, жұмысты аяқсыз қалдырған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қала тұрғыны Кәмшат Нысамбаева жаз айында баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін ас бөлмесінің жиhазын жаңартпақ болады. Ұзақ ойланып, әлеуметтік желі арқылы таңдауы «Альянс Атырау» салонына түсіпті. Instagram желісінде көрсетілген байланыс нөмірі арқылы хабарласып, менеджерлермен сөйлесіпті. Өзін «Владимир» деп таныстырған қызметкер тұтынушының үйіне қажетті өлшемдерді алу үшін арнайы мамандарды жіберген.

Владимир деген азамат маған шебер жібергенін айтты. "Өлшемдерді алады" деді. Кейін үйге Ернат деген жігіт келіп, өлшемдерді алды. Барлығы 880 мың теңгеге шығады деп, есептеп берді. Содан соң, өзіне ақша жасағысы келетінін айтып, еш құжатсыз, келісімшарт жасаспастан өзі жасап беруді ұсынды. Тиімді жеңілдік жасап, 680 мыңға істеп беретінін айтты, – дейді Кәмшат Нысамбаева.

Ұзақ ойланатын уақыты болмаған Кәмшат бірден келіседі. Тіпті қаржының жартысынан көбін, яғни 450 мың теңгесін аударып қояды. Келесі күні телефонына арнайы эскиз де келеді. Қуанышында шек болмаған әйел, біраз уақыттан кейін жиhаздың кешіккенін байқайды. «Альянс Атырау» салонына хабарласқан кезде, тапсырыс алған азаматтың қызметтен шығып кеткенін біледі. Ақшасы желге ұшқан тұрғын, бұл салон кәсіпкердің атын жамылып, алаяқтықпен айналысып отыр деген шешімге келеді.

Кәмшат бұл компанияға алданған жалғыз тұрғын емес. Өзі сияқты 20-дан астам адам бар екенін айтады. Салон иелері оларға бас-аяғы 18 млн теңге қарыз көрінеді. Алаяқтардың арбауына түскендердің басым бөлігі құзырлы органдарға арыз жазып үлгерген. Жауаптылар қазір тергеу жүріп жатқанын айтады. Жиhаз салонына сенім артып, қаржыдан қағылғандар алаяқтар анықталып, жазаланады деген үмітте. 

Өзгелердің жаңалығы