Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа толқыны байқалып отыр. Бұл жолы қаскөйлер қарапайым фишингпен ғана шектелмей, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі осыған байланысты азаматтарға арнайы ескерту жасады.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар енді өздерін сенімді көрсету үшін deepfake технологияларын белсенді қолдануда. Яғни, олар құқық қорғау органдарының қызметкері, банк өкілі, немесе мемлекеттік ұйым маманы ретінде жалған бейнеқоңыраулар арқылы байланысқа шығады.
Мұндай қоңырауларда алаяқтар адамның дауысын, бет-әлпетін шынайы етіп көрсететін цифрлық технологияларды пайдаланып, жәбірленушінің сеніміне кіреді. Соның нәтижесінде азаматтар шын қызметкермен сөйлесіп тұрмын деп ойлайды, - дейді министрлік.
Ведомство мәліметінше, оң ең жиі қолданылатын сценарийлердің бірі – “ақшаңыз қауіпте” дегенді айтады.
Алаяқтар күдікті операция анықталғанын айтады,шотыңыздан ақша шығуы мүмкін деп қорқытады,«қауіпсіз шотқа» дереу аударуды талап етеді,- дейді ІІМ.
Сонымен қатар қаскөйлер ресми органдардың хаттарына ұқсас жалған құжаттар жібереді,автоматтандырылған чат-боттар арқылы байланыс орнатады,мемлекеттік немесе қаржы ұйымының “ресми сервисі” сияқты әсер қалдырады.
Бұл тәсілдер азаматтардың күдігін азайтып, шешім қабылдауды жеделдетуге бағытталған.
Құқық қорғау органдары ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейді,банк қызметкерлері құпия деректерді сұрамайды,телефон арқылы қаржылық операция жүргізу ұсынылмайды,- дейді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
Қалай қорғануға болады?
Мамандар бірнеше қарапайым, бірақ маңызды қағиданы ұстануға кеңес береді:
- Бейтаныс нөмірден келген нұсқауларды орындамаңыз
- Ақша аударуға қатысты кез келген талапқа күмәнмен қараңыз
- Жеке және банк деректерін ешкімге бермеңіз
- Ақпаратты тек ресми сайттар мен байланыс арналары арқылы тексеріңіз
- Күмәнді жағдай туындаса, дереу полицияға хабарласыңыз!