Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұратын 54 жастағы мұғалім алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгісіз алаяқтар мұғалімнің жеке деректерін пайдаланып, төрт бірдей банк арқылы оның атына жалпы сомасы 9 миллион теңге болатын несие рәсімдеген. Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ, Орал қаласының 51 жастағы тұрғыны да алаяқтардың арбауына түсіп, 600 мың теңге көлемінде ақшасын өз қолымен аударып жіберген.
Алаяқтар өзін Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға хабарласады. Олар азаматтардың банктік есепшоттарын "қорғау" керек деген желеумен құпия ақпараттарын сұрап, кейін қаражатты иемденіп кетеді, — делінген ПД хабарламасында.
Құзырлы орган азаматтарды аса мұқият болуға шақырады. Ешкімге банктік карта деректерін, құпия сөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын телефон арқылы айтуға болмайды.