Алаяққа сенген ақмолалықтар 15 млн теңгеден астам қаржыдан айырылды

1 Маусым 2022, 20:50
1228
Бөлісу:
Алаяққа сенген ақмолалықтар 15 млн теңгеден астам қаржыдан айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тек бір тәулік ішінде Полиция департаментінің бірнеше аумақтық бөлімшелеріне алаяқтық фактілері бойынша өңір тұрғындарынан бірден сегіз өтініш келіп түсті, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Түрлі айла-амалдарды, ең бастысы, жәбірленушілердің сенгіштігін пайдаланып, желілік алаяқтар жалпы алғанда 15,5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденді. 

Мысалы, 30 мамырда Қорғалжын ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан белгісіз ер адам алдау жолымен 9,5 млн теңге сомасында ақша қаражатын иемденгені туралы өтініш түсті. Белгілі болғандай, бұған дейін өтініш беруші YouTube бейне хостингінде қаржылық байыту бойынша түрлі тренингтерді қарауға қызығушылық танытқан. Осындай арналардың біріне жазылғаннан кейін Владимир есімді ер адам жәбірленушімен байланысқа шығып, өз капиталын көбейтуге және ірі қаржы компаниясының серіктесі болуға мүмкіндік бар екенін, алайда бұл үшін бастапқы капиталды енгізу қажет екенін айтқан. 10 күн бойы ер адам әйелмен телефон арқылы хабарласып, түрлі сылтаулармен оны 9,5 млн теңгеге алдаған. 

Қазіргі уақытта аталған фактіге сәйкес, полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, қоңырау шалушының жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Степногорск қаласының тұрғыны алаяқтықтың кең таралған схемасына тап болды. Ер адам желілік алаяқтарға несиеге рәсімделген 3,3 млн теңгені аударған. 

41 жастағы өтініш берушінің айтуынша, 16-27 мамыр аралығында оның телефонына банктердің бірінің жалған қызметкерлері қоңырау шалып, оған 1,5 млн теңге көлемінде несие мақұлданғанын, үлкен қаржыны алу мүмкіндігі бар екенін хабарлаған. Алаяқтардың нұсқауларына сүйене отырып, жәбірленуші 3,3 млн теңге рәсімдеп, кейін оны 8 түрлі банк карталарына аударған. Сондай-ақ, өтініш берушінің өзі айтқандай, ол алданып қалатынын ойламаған, ал жалған жұмысшылар байланысқа шығуды тоқтатқан кезде алаяқтық екенін түсінген. Аталған факті бойынша полиция ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, күдіктілер анықталуда. 

Тәртіп сақшылары дабыл қағуда: күн сайын ақмолалықтар түрлі тауарларды танымал жарнамалық қосымшалар арқылы сатып алу кезінде интернет-алаяқтардың құрбанына айналады. 30 мамырда ақмолалықтардың өтініштері Степногорск қаласы, Бұланды, Зеренді және Целиноград аудандарының полиция бөлімшелеріне түсті. OLX-та түрлі тауарлар сатып алғысы келген азаматтар 60 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақшаларынан айырылды. 

Барлық фактілер бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, алаяқтық схемаларға қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Полицейлер желілік алаяқтармен күресті жетілдіру үшін жаңа әдістер енгізіліп, заманауи цифрлық технологиялар пайдаланылатынын атап өтті. Ведомствода арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оған IT технологиялар саласында дағдыларды меңгерген 40-тан астам полиция қызметкері кірді, іс-қимыл алгоритмдері әзірленді.

 

Өзгелердің жаңалығы