Алатаудағы қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды

Сот шешімімен 34 гектарлық қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды.

 istockphoto.com 26 Қыркүйек 2026, 18:11
26 Қыркүйек 2026, 18:11
945
Фото: istockphoto.com

Алатау қаласының прокуратурасы 34 гектар аумақта орналасқан қоқыс полигонын сенімгерлік басқаруға беру туралы «ADC TAZA ALEM» ЖШС-мен жасалған шартты жарамсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз енгізді.

Тексеру барысында аталған серіктестіктің іс жүзінде 2025 жылғы 27 қарашадағы сот үкімімен сыбайлас жемқорлық қылмысы және заңсыз кәсіпкерлік үшін сотталған Іле ауданының бұрынғы әкімі Б. Қарасаевқа тиесілі болғаны анықталған.

Прокуратура мәліметінше, сенімгерлік басқару шарты бойынша басқарушы компания инвестиция тартуға, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға, кірістің бір бөлігін жергілікті бюджетке аударуға және жою қорын құруға міндеттенген.

Алайда бұл міндеттемелер орындалмаған. Іс жүзінде полигонның қызметі қалдықтарды жинап, сақтаумен ғана шектелген.

Полигонды тиісті деңгейде басқармау экологиялық зардаптарға әкелген. 2021–2025 жылдары полигон аумағында алты өрт тіркелген. Ең ірі өрт 2025 жылдың қыркүйегінде болып, 30 гектар аумақты шарпыған.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен прокуратураның талап арызы толық қанағаттандырылды.

Наверх