- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Alatau City: Қазақстанның жаңа экономикалық жүрегі қалыптасып келеді
Alatau City: Қазақстанның жаңа экономикалық жүрегі қалыптасып келеді
Инновация, инвестиция және урбанистика тоғысқан мега-жоба 2050 жылға қарай 2 миллионға жуық халықты қамтитын жаңа орталыққа айналмақ
Бүгiн 2026, 10:40
Алатау қаласы – еліміздегі жаңа өсім нүктесі. BAQ.KZ тілшісі Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлымен осы ауқымды жобаның мәні, даму бағыты және болашағы туралы сұхбаттасты.
- Нұрболат Құрметұлы, Alatau City жобасының мәні неде? Бұл қандай бастама?
- Alatau City – жай ғана тұрғын үй кешені немесе жаңа аудан емес. Бұл – өңірлік деңгейдегі инновациялық орталық құруға бағытталған стратегиялық жоба. Яғни біз мұнда тек үйлер салып қоймаймыз, тұтас жаңа экономикалық және технологиялық орта қалыптастыруды көздеп отырмыз.
Жаңа қала бірнеше елдімекенді әкімшілік тұрғыдан біріктіру арқылы құрылды. Оның құрамына Қонаев қаласының бір бөлігі – Арна мен Заречное ауылдары, Іле ауданындағы сегіз ауыл – Еңбек, Жетіген, Жаңаарна, Жаңаталап, Жанадәуір, Қоянқұс, Құйған, Байсерке, сондай-ақ Талғар ауданындағы Дәулет пен Қайрат ауылдары енді.
Жалпы аумағы шамамен 151,5 мың гектар. Соның ішінде елді мекендер жері – 5 643 гектар, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 145 589 гектарды құрайды. Оның ішінде 17 751 гектар – егістік, 125 091 гектар – жайылым.
2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша халық саны 55 417 адам болды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш көші-қон мен табиғи өсім есебінен айтарлықтай артады. Әсіресе алғашқы кезеңде өсім жоғары болады деп болжанып отыр. Жалпы жоспар бойынша 2050 жылға қарай қала халқы 1 миллион 870 мың адамға жетеді.
- Қаланың ішкі құрылымы қалай қалыптасады?
- Жобаға сәйкес қала бірнеше ауданға бөлінеді. Әр ауданның даму қарқыны мен халық саны әртүрлі болады. Мысалы, Gate ауданында 2050 жылы 223 мың адам тұрады, бұл жалпы халықтың шамамен 12 пайызы.
Golden ауданында 675 мың адам қоныстанады – бұл 36,1 пайыз. Growing ауданында шамамен 650 мың адам немесе 34,8 пайыз халық болады. Ал Green ауданында 320 мың адам, яғни 17,1 пайыз тұрғын өмір сүреді.
Қазірдің өзінде халықтың басым бөлігі Growing ауданында шоғырланған – шамамен 60 пайыз. Болашақта Golden мен Growing аудандары негізгі даму нүктесіне айналып, қала тұрғындарының шамамен 70 пайызы осы екі аумақта өмір сүреді.
- Жобаға ерекше мәртебе беру мәселесі де айтылып жүр. Бұл нені білдіреді?
- Иә, бұл өте маңызды мәселе. Alatau City-ге ерекше құқықтық және экономикалық режим беру көзделіп отыр. Бұл дегеніміз – реттеудің икемділігі, әкімшілік шешімдерді жедел қабылдау және инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау.
Мұндай тәсілдің тиімді екенін біз Astana International Financial Centre тәжірибесінен көрдік. Ол қысқа уақыт ішінде қаржы технологиялары мен халықаралық серіктестерді тартатын маңызды орталыққа айналды.
Осындай мәртебе Alatau City-дің де дербес экожүйе ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұнда жаңа салалар дамып, цифрлық шешімдер сыналады, халықаралық компаниялар келеді.
- Инвестиция тарту жағы қалай жүзеге асады?
- Бұл жобаның басты ерекшелігі – оның қаржыландыру моделі. Alatau City негізінен жеке инвестициялар есебінен дамиды.
Мұның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме азаяды. Екіншіден, инвесторлар арқылы басқарудың заманауи тәжірибесі мен технологиялар келеді. Үшіншіден, жобаларды іске асыру қарқыны мен сапасы артады. Сонымен қатар нарыққа оң сигнал беріліп, қосымша инвесторлар тартуға мүмкіндік пайда болады.
Мысалы, 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында меншікті қаражаттың үлесі 72,5 пайыз болды. Республикалық бюджет – 16,4 пайыз, жергілікті бюджет – 7,1 пайыз, ал банк несиелері 3,1 пайызды құрады.
Инвестициялардың ең үлкен бөлігі – 16 798,3 млн теңге немесе 45,2 пайызы жылжымайтын мүлік операцияларына бағытталды. Өнеркәсіпке 7 343,0 млн теңге (19,8 пайыз) салынды, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпке 6 144,7 млн теңге бағытталған.
Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Білім беру саласына салынған инвестициялар 7 529,1 млн теңгеге жетті, бұл 20,3 пайызды құрайды.
Жалпы инвестиция көлемі өсіп келеді. 2025 жылдың 9 айының өзінде негізгі капиталға салынған қаражат 40 663,5 млн теңгеге жетті. Қаланың Алматы облысындағы инвестициялардағы үлесі 5,4 пайызға дейін ұлғайды.
Бұл Alatau City-дің нарықтық қағидаттарға сүйеніп, ұзақ мерзімді капитал тарта алатын дербес жобаға айналып келе жатқанын көрсетеді.
- Жобаның халықаралық маңызы қандай?
- Alatau City тек ұлттық деңгейдегі жоба емес. Оның халықаралық маңызы да зор. Мемлекет басшысы бұл жобаны жүзеге асыруда Қытаймен және басқа елдермен ынтымақтастықтың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті.
Қазіргі жаһандық бәсекелестік жағдайында Қазақстан инвесторларға қауіпсіз, ашық әрі арнайы құқықтық режимі бар алаң ұсынып отыр.
Шетелдік компаниялар үшін бұл – Орталық Азия нарығына шығудың тиімді мүмкіндігі. Ал Қазақстан үшін – өңірлік орталық ретіндегі позициясын күшейту, әлемдегі озық «ақылды қалалармен» қатар тұру.
- Экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қандай нәтиже күтіледі?
- Жоба іске асқан кезде ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс, логистика, қаржы қызметтері, білім беру, ғылым сияқты салаларға жаңа серпін беріледі.
Alatau City – жас мамандар үшін кәсіби өсуге мүмкіндік беретін, ал бизнес үшін жаңа идеяларды жүзеге асыруға қолайлы орта.
Бұл – «ұйықтайтын аудан» болмайды. Өз экономикасы бар, инновациялық бағыты айқын, дербес орталыққа айналады. Яғни бюджетке салмақ салатын емес, керісінше қосылған құн қалыптастыратын қала болады.
- Бұл жобаны сіз қалай бағалайсыз?
- Менің ойымша, Alatau City – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің символы. Бұл жоба еліміздің білім мен инновацияға негізделген экономикаға көшу бағытын нақты көрсетеді.
Ол жаңа идеялар мен серіктестіктерге ашық алаңға айналып, болашақтың шешімдері сыналатын кеңістік болады.
Сондықтан Alatau City-ді жай урбанистік жоба деп қарауға болмайды. Бұл – елдің мүмкіндіктері туралы түсінікті өзгертетін, инновациялар мен экономикалық өсімнің жаңа драйвері.
Ерекше мәртебе, инвестициялар және халықаралық әріптестік осы қаланы өңірлік маңызы бар жоба ғана емес, ұлттық мақтаныш деңгейіне көтереді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Еске сала кетейік, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының басқару жүйесін түсіндіріп, Қазақстанда алғаш рет әкім басқармайтын қала салынатынын айтқан еді.