Алаш баспасөзі және журналистика

9 Желтоқсан 2021, 17:48
4130
Бөлісу:
Алаш баспасөзі және журналистика

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәуірдің озық үлгілеріне ерекше құл­шыныспен ұмтылған сол замандағы қазақ оқығандары, ұлтты өзге озық халықтармен теңгерудің басты жолдарының бірі – жаппай ағарту екенін жақсы түсінді.

 Сондықтан мектеп пен медресе ашумен қатар, ұлттық баспасөзді де мықтап қолға алған болатын. Сол өртеңге шыққан шалғындай қаулай көтерілген «Серке», «Қазақстан», «Садақ», «Айқап», «Қазақ»  қатарлы алғашқы мерзімді басылымдардан бірте-бірте «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті тұлғаланып, ұлттың интеллегенциясын айналасына топтап, қазақтың басты басылымдарына айналды.

Бұл басылымдар сол кездегі қазақ қоғамы үшін ең өткір мәселелерде биік деңгейлі пікірталастар мен талқылаулар ұйымдастырды. Солардың ішіндегі ең өзектісі «Қазақ отырықшылығы қалай болуы керек? Патша үкіметінің 15 десятина жер беріп отырақтандыру нормасының қазаққа қандай пайдасы мен зияны бар» деген тарапта болды. Бұл жерде екі басылымның айналасына топтасқан қазақ зиялыларының пікір алуандығы болғанымен, араздасқан аяусыз жаулығы болмағанын да ескеруіміз керек. Осы тұрғыдан, пікір алмасу мәдениеті, сөз таластыру әдебі біздің бүгінгі білімділердің де қаперінде болса құба-құп.

Өткен ғасыр басында аталмыш мәселе қазақ халқының ең өзекті, өмірлік мәселесі болғанын атап айтуымыз керек. Алаштың абызы Ахмет Байтұрсынұлы «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп кесіп айтқан болатын. Біздің сөзіміз ұлттың барлығы мен жоқтығына тірелетін осынау тағдырлы мәселені сол заманның басылымы, яғни Алаш журналистикасы қалай тұтас ұлттық талқыға айналдырды? Бұл мәселені халқымыздың мүддесі тұрғысынан шешуде Алаш көсемсөзінің ықпалы қандай болғаны хақында болмақ. 

Бұл екі басылым да «заманның бәйгесінен Алашты қалдырмайық» деп талпынған ниеттің сөнбес шырағы екені анық. «Айқапты» белгілі ақын, ағартушы Мұқаметжан Сералин жарыққа шығарып отырды. Ал «Қазақ» газетінің бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл басылымның айналасына кейін Алаш партиясы мен Алашорданы қалыптаған Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың ең маңдайалды зиялылары топтасты. 

Алаш баспасөзі және журналистика

М.Сералин 1911 жылы «Айқаптың» 6-санында «Мал шаруашылығы мен егін кәсібін біріктіріп, жарым көшпелі, жарым отырықшы болып, күн көретін заманымыз өтті. Енді қайтіп келмейді. Ол заманды сағынбасақ һәм қумасақ керек. Мұнан былай күн көруіміз үшін, ең алдымен, қала болып отыруымыз тиіс. Қала жұртының істейтін кәсібін істеу керек» деп жазды. Бұл Сералиннің ғана емес, «Айқап» журналының және оның айналасына топтасқан қазақ зиялыларының да ұстанымы болатын. Журнал айналасына топтасқан зиялылар қазақ көшпенділіктен бас тартып, түбегейлі отырықшы болуы керек деп санады.

Ал «Қазақ» газетінің шығарушылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болғанымен, ұлан-ғайыр істің бастауы мен бағдарында олар­дың рухтас азаматтары, Алаш қоз­ға­лысының ғана емес, ұлттың кемеңгер көсемі Әлихан Бөкейхан тұрды. Бұл шоғырдың құрамында кейін Алаштың алып бәйтерегіне айналған, әрқайсысы энциклопедиялық білімнің иелері болған азаматтар жиналды. Олардың білім өресі, жазу шеберлігі, талғампаз көрегендігі кейінгі қазақ журналистикасының айнымас бағ­дарына айналды. 1913 жылы 2 ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашқы жылдары апта сайын, ал 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шығып тұрған басылым бес жылдың ішінде өзіндік болмыс-бітімі бар қазақ журналистикасы мен кәсіби газет тілі мен стилін қалыптастырды.

«Қазақ» газетінің қаламгерлері бірден түбегейлі отырықшылыққа ауысып, патша үкіметі белгілеген 15 десятина жерді меншікке алу, қазақ үшін қауіпті екенін айтты. Олар сарабдал талдау жасап, қазақтан бұрын осы норманы қабылдаған башқұрт мысалын көлденең тартты. Әлихан Бөкейхан«Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді» деп кесіп айтты. Бұл өмірлік маңызы бар – өзекті мәселе. Ат төбеліндей қазақ оқығандарының дауы жеке бастың, билік пен байлықтың емес, ұлттың мәңгілік мүддесінің қамы болатын. Осы пікірталас сол кездегі елдің шамшырағы болған «Айқап» пен «Қазақ» оқырмандарының, яғни күллі қазақ баласының саяси ұстанымын, әлеуметтік санасын, мемлекетшілдік рухын қалыптастырды. Бұл қазақ жур­налистикасының ұлт тарихындағы жетекшілік рөлінің бір көрінісі болса керек.

Дегенмен бүгінгі ғылыми тұжы­рымдар мен уақыттың таразысы «Қазақ» газетінің айналасындағы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш аза­маттарының ұстанымы байыпты әрі көреген шешім болғанын көрсетіп отыр. Бұл сол кездегі қазақ әлеуметінен де қолдау тапқанын ескеруіміз керек. Алаштанушы ғалымдар, «егер 15 десятина нормасын қабылдасақ, артық жер ретінде асып қалған байтақ даламыздың қалған бөлігі патша қазынасына алынатын еді де, жер шегі анықталғанда одан айырылып қалуымыз мүмкін еді» деген тұжырым айтады. Біздің бұған алып-қосарымыз жоқ. «Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді» – деген абыз Ахмет Байтұрсынұлының сөзі де жоғарыдағы күмәнді растай түскендей.

Жер мәселесін ұлттық мәселе ретінде қарастырған Алаш қайрат­керлері кейін оны Алаш партиясының бағдарламасында жеке тарау етіп қабылдады. Онда «Жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін, қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне қоныс аударушылар келмесін…» деп үзілді-кесілді тоқтау салғаны сондықтан. Жер мәселесі адамзат қоғамының ең нәзік тұсы. Бұл тараптағы проблема ешқашан өзектілігін жоймайды. Біз осы мәселеде әмәнда Алаш арыстарының мұрагері екенімізді ұмытпақ емеспіз.

Ұлттың жадынан бір сәт те көте­рілмейтін осынау нәзік мәселе тұсында, ақсақалдық қылып, Алаш баласын бірлікке шақырған Шәкәрім қажы сияқты ел ақсақалдарының инабаты мен салиқалы ұстанымы еріксіз қайран қалдырады. Шәкәрім қажы Алаш азаматтарын ар мен иманның жолымен, әдебімен дауласуға шақырады. Ол «Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынына салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма? Менің ойымша, кекеу, сөгіс – тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?» деп барлық пікір иелеріне, күллі азаматқа ортақ ағалық әділ пікірін айтып тоқтау ­салуы қандай көрегендік?!

Бүгінгі қазақ қоғамында да күрмеуі көп мәселе жетерлік. Қазіргі баспасөзде де аракідік осындай даулар туып тұ­рады. Бірақ Шәкәрім сияқты ешкімге тартпай, ар мен иманның таразысына салып, ағын айтатын абыз бар ма? Бұл да ойланарлық мәселе.

Қалай десек те, қазақ журналис­тикасы қашаннан ұлт мүддесінің жоқ­шысы болып келеді. Бұл мәртебелі міндет сонау «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінен, «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінен қалам ұстаған қазақ баласына мұра болып қалған. Қазақ журналистері хал-қада­рынша сол аманатты адал атқарып келеді. Бұл тұрғыдан олардың еңбегі құрмет көрсетуге тұрарлық. Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деген сөзін тек газет шығарушыларға ғана емес, тұтас журналистикаға айтылған бағыт деп қабылдауымыз керек. Бұл бүгінгі қазақ журналистикасының құбыласына айналса, ұлт ұтылмас еді. Ұлт ұтылмаса, еліміз мәңгілік, еңсеміз биік болары хақ.

Берік УӘЛИ

Ана тілігі газеті 

Өзгелердің жаңалығы