Қала әкімі халықты онлайн қабылдады

30 Сәуір 2020, 00:03
2134
Бөлісу:
Қала әкімі халықты онлайн қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада карантин режиміне орай азаматтарды қабылдау онлайн өтіп жатыр. Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов азаматтарды онлайн-форматта жеке қабылдады.

Тұрғындар тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, әлеуметтік көмек алу, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау, спорт саласын дамыту, жұмысқа орналасу және т. б. мәселелерді көтерді. 

Осындай қиын-қыстау кезде бізді жалғыз қалдырмай, көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алдық. Nur Otan партиясы да көмек көрсетіп, 50 мың теңге аударды. Әкімдік пен еріктілер де көмектесті, азық-түлік пен медициналық маскаларды әкелді. Шаралардың барлығы уақытылы көрсетілді. Азаматтарды қабылдау тоқтап қалмай, өткізіле бергені дұрыс. Кері байланысты сезінеміз, - деді қала тұрғындары онлайн қабылдау барысында. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем алушылардың тізімі кеңейтілді. 29 сәуірдегі деректерге сәйкес елордада 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді 284 мыңнан астам адам алды, бұл 12 миллиард теңгеден астам қаражат. 

Елбасының тапсырмасына сәйкес қалада бірінші кезең аясында 14,5 мың тұрғын 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек алды. Екінші кезең бойынша төлемдер беру басталды. Шамамен 1,4 млрд теңге көлемінде 28 мыңнан астам тұрғынға материалдық көмек көрсетіледі. Көмекті аз қамтылған отбасылар, ерекше қажеттілігі бар тұрғындар ( 1,2 топтағы ерекше қажеттілігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар), ерекше қажеттілігі бар баланы күтумен айналысатын ата-аналар (АӘК алушылар), зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар), жетімдер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері алады. 

Халықты қолдаудың басқа да шаралары қолға алынды. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлік себеттері мен медициналық маскалар таратылып жатыр. Азаматтарды онлайн-форматта қабылдау тұрақты негізде өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы