Алғыс айту күнін өскемендіктер қалай қарсы алмақ?

28 Ақпан 2019, 20:38
4061
Бөлісу:
Алғыс айту күнін өскемендіктер қалай қарсы алмақ?

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 1 наурыз – Алғыс айту күнін Өскемендіктер биыл ерекше қалыпта қарсы алады. Бұл күні облыс орталығындағы Достық үйінде Семей және Өскемен қалаларының Өлкетану мұражайлары түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізіп, ұлтаралық келісім саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар өңір азаматтары облыс әкімінің қолынан Қазақстан халқы Ассамблеясының алтын төсбелгісін алмақ.

«Жалпы Елбасымыз бұл күнді Алғыс айту күні деп жарияламай тұрғанда ол Қазақстан Халқы Ассамблеясының туған күні ретінде аталып келген болатын. Сондықтан бұл күн біздің кәсіби мерекеміз. Осы себепті біз биыл аталмыш мерекені ауқымды қалыпта өткізуді жоспарлап отырмыз. Ертең Достық үйіне келген әр тұрғынды бірінші кезекте кіреберістегі көрмемен қарсы аламыз. Яғни біздің ғимараттың холында Өскемен және Семей қалаларының өлкетану мұражайлары түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырады. Көрме өз жұмысын сағат 14.30-да бастайды», - дейді облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков.

Бұдан бөлек өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тарихи, этнографиялық, халықтар достастығы салаларында талмай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының алтын төсбелгісімен марапатталмақ.

«Облыс басшысы келеді деп күтіліп отырған шарада өңіріміздің өлкетану, қоғамдық келісім салаларына еңбегін сіңіріп жүрген белгілі ғалым-эколог Борис Щербаков, ҚХА ШҚО хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев сынды азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын төсбелгісін табыстауды жоспарлап отырмыз», - деп сөзін жалғады Эльдар Төлеубеков.

Сонымен қатар, ол бұл шара барысында осыған дейін облыстағы Достық үйлері арасында өткізілген конкурстың қорытындысын шығаратынын атап өтті.

«Байқау жеңімпаздары «Үздік Достық үйі», «Этномәдени орталықтардың үздік әлеуметтік жобалары», «Үздік медиация кабинеті», «Отбасында төзімділікке тәрбиелеу бойынша Аналар кеңесі – «Отбасы – мемлекет негізі» жобасын іске асырудағы көшбасшы», «Мемлекеттік этносаясат бойынша үздік ғылыми жұмыс», «Қазақстандық ұлтаралық келісімді жариялау бойынша үздік журналистік жұмыс» сынды номинациялармен марапатталады. Әрі қарай көрермендер Достық үйінің акт залында этномәдени орталықтардың дайындаған концерттік қойылымдарын тамашалайтын болады», - деп қосты Достық үйінің директоры.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл күні үлкен экраннан Достық үйі базасында ашылған Белсенді ұзақ өмір орталығын таныстыратын бейнефильм жүргізілетін көрінеді. Еске салсақ, аталмыш орталықтың ашылуы 22 ақпан күні өткен болатын.

Орталықтың басты мақсаты – егде жастағы адамдарды көптеп тарту арқылы олардың белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін ояту болып табылады. Егде жастағы адамдар бұл орталықта кез келген уақытта бас қосып, заңгерлердің, психолог мамандар мен дәрігерлердің кеңестерін ала алады.

Сонымен қатар, мұнда ардагерлердің «Возрождение» хоры, «Атамұра», «Ақниет», «Ровесник» вокалды ансамбльдері ниет білдірушілерді ән айтуға машықтаса, «Белая сова» шығармашылық бірлестігі түрлі қолөнер бұйымдарын жасауға үйретеді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ


Өзгелердің жаңалығы