Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ыстамбұл университеті әл-Фараби атындағы Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Абдулла Қызылжық «Ұлы ғұлама әл-Фарабидің әлем өркениетіне ықпалы» атты халықаралық онлайн конференция барысында айтты.
Оның айтуынша, Орта ғасыр – алтын ғасыр болып есептеледі.
Ол - Ислам әлемінің өркениет деңгейіне көтерілген кезеңі. Сол кезде көптеген ғалым шықты. Соның бірі - Әбу Насыр әл-Фараби. Ол – физика, пәлсапа, логика, саясат, астрономияға дейін көптеген шығарма жазып қалдырды. Оның еңбектері әлі күнге дейін зерттеліп жатыр. Оны зерттеу бізге міндет. Өйткені олардан қалған еңбек бізге рухани мұра ретінде қалып отыр, - дейді профессор.
Сондай-ақ, ол Ыстамбұл университетінде құрылған ғылыми-зерттеу орталығының атқарып жатқан істерін атап өтті.
Біздің орталық пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында келісімшарттар жасалып, көптеген еңбек атқарылды. 2016 жылы ғана ашылған біздің орталықта әл-Фарабиге қатысты үш симпозиум және үш конгресс өтті. 2017 жылы әл-Фарабидің «Музыка қақындағы» дейтін кітабын факсимиле күйінде жарияладық. Сондай-ақ, Түркияда әл-Фараби мұрасына қатысты зерттеу жүргізіп жатқан ғалымдармен де байланыс орнатылды. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты жұмысымыз кешеуілдегенімен оны ары қарай жалғастырып жатырмыз, - дейді ол.
Одан бөлек, ол орталықта қазақ, орыс, түрік және араб тілін үйренуге қатысты курстар өтіп жатқанын айтты.
Онлайн конференцияны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Мәңгілік Қазақстан қоғамдық қоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Бұған дейін франциялық профессор Әл-Фараби үшін музыка – физикалық феномен екенін айтқан болатын.