Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Қаза тапқан қыздың әкесі апелляцияда 100 млн талап етті

Іс апелляциялық тәртіппен қаралды.

7 Тамыз 2026, 13:42
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина 7 Тамыз 2026, 13:42
7 Тамыз 2026, 13:42
116
Фото: ©️ BAQ.KZ / Сымбат Сатыбалдина

Алматы қалалық соты әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған Александр Пакқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс апелляциялық тәртіппен қаралды. Сот отырысында жол апаты салдарынан қаза тапқан Томиристің әкесі Рүстем Шотенов пен оның адвокаты бұрын шығарылған шешіммен келіспейтіндерін айтып, апелляциялық шағым түсірген.

Жәбірленуші тарап моральдық шығын көлемін қайта қарауды сұрады. Атап айтқанда, олар сот белгілеген 10 миллион теңге көлеміндегі өтемақыны 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды талап етті.

Алайда Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл талапты қанағаттандырмады. Судьялар алқасы 2026 жылғы 22 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты шығарған үкімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

Осылайша, Александр Пакқа қатысты үкім күшінде қалды, ал жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді. Тараптар енді істі кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұрай алады.

Еске салайық, аталған іс Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты. Іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшіліктің назарын аударған еді. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Биыл 22 маусымда күдікті Александр Пакқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 10 жылға сотталды және жүргізу куәлігінен өмір бойына айырылды. 

Наверх