Ақтөбеде сәлемдемеге салынған шоколадтан марихуана тәркіленді

3 Сәуір 2021, 21:07
1280
Бөлісу:
Ақтөбеде сәлемдемеге салынған шоколадтан марихуана тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің қызметкерлері облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге түзеу мекемесіне марихуана затын тасымалдау әрекетінің жолын кесті. Бұл ткралы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сәлемдемемен келген шоколадты батончиктің ішіне 16 пластикалық шприц сауытына мұқият жасырған марихуананы Ақтөбе қаласының тұрғыны қамауда отырған сотталған жұбайына жеткізбек болған.

Сәлемдемені жіберуші өз кінәсін жазбаша түрде толық мойындады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматша есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар 1 жыл бойына мекемеге кездесуге келу мүмкіндігінен айырылады.

Атап өту керек, түзеу мекемесінің қызметкерлері мекемеге кіруге тыйым салынған есірткі заттарын тәркілеп, оларды тасымалдау әрекетінің жолын кесіп келетіндіктен, жазасын өтеуші сотталғандар осы тектес түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, ҚАЖ қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіруді көздейді, - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.

Мәліметке сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері түзеу мекемелеріне кіргізуге тыйым салынған заттарды, атап айтқанда 600 граммға жуық есірткі заттарын, 1,5 литр спирттік ішімдіктерді, 160-тан астам мобильді құрылғылар мен 300 мың теңгеге жуық ақшаны алып өту және пайдалану фактілерінің жолын кесті.

Өзгелердің жаңалығы