Ақтөбеде браконьерлерден киік мүйіздері тәркіленді

9 Қараша 2020, 20:44
1472
Бөлісу:
Ақтөбеде браконьерлерден киік мүйіздері тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде өткен жылдан бастап экологиялық қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Бірақ, соған қарамастан, браконьерлер өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастыруда. Республиканың бірнеше аймағында полицейлер табиғатқа айтарлықтай зиян келтірген қылмыскерлерді ұстады. 

Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.

Ақтөбе облысында тәртіп сақшылары заңсыз аң аулау фактісі бойынша күдіктілерден Қызыл кітапқа енгізілген киіктің 167 дана мүйізін, бес килограмм етін, аңшылық мылтық пен 12 патронды тәркіледі. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері киіктердің мүйізін сатып алу және оларды шет елге өткізумен айналысатын азаматтарды іздестіруде. 

Ал Қызылорда облысында полицейлер қарақұйрықты атып өлтірген браконьерді қамауға алды. Тәртіп сақшылары күдікті көрінген мотоцикл жүргізушісін тексеру мақсатында тоқтатқан. Көлік құралын тексеру барысында олар қарақұйрықтың ұшасын, пышақ пен мылтықты тапты. 

Сондай-ақ, Түркістан облысының аумағында “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген бір айда табиғатты қорғау заңнамасы саласында үш экологиялық қылмыс және 159 әкімшілік құқық бұзушылық ашылды. Полиция браконьерлерден 152 килограмм заңсыз ауланған балықты, үш қайықты және 200 метрден астам балық аулау торларын тәркіледі. 

Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Келес аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен бірге Сырдария өзенінде электр тоғының көмегімен балық аулаумен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Екі күннен кейін олар “қытай торларымен” балық аулаған тағы екі браконьерді құрықтады. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.



Өзгелердің жаңалығы