Ақтөбеде 30 отбасы баспаналы болды

16 Желтоқсан 2020, 23:43
1863
Бөлісу:
Ақтөбеде 30 отбасы баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде үй кезегін ұзақ жыл күткен жандарға қаланың жаңа ауданынан пәтер берілді. Бұл – өңірде әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды қолдау аясында атқарылған шаралардың бірі.

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту ісі жалғаса береді. Он жылдан астам уақыт бойы арман еткен баспанасына қол жеткізген Айман Досқалиеваның қуанышында шек жоқ. Үй кезегін ұзақ күтсе де, ешқашан үміт үзбепті. Батыр ана сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Енді мұнда мектеп пен жоғарғы оқу орнында білім алатын екі немересімен тұрмақ. 

2006 жылдан бастап тұрдық кезекке. Қызым бар еді, үйі бар. Соның қолында жүрдім. Қуанғаннан жаңа жылап жатырмын - дейді көпбалалы ана Айман Досқалиева.

Айман әжей секілді ұлық мерекеге орай 30 отбасы баспаналы болды. Олардың арасында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұялар, 1,2 топ мүгедектері бар. Жаңа қоныс иелеріне пәтерлер «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан берілді. Тұрғындарға баспана кілттерін табыс еткен облыс әкімі, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған өкілдерін қолдау қашанда басты назарда болатынын атап өтті.     

Облыстың өзінде қазіргі таңда 31 мыңнан астам отбасы кезекте тұр. Соның ішінде қаланың өзінде 24 мың. Мұқтаж адамдарға көмек көрсету біздің басты міндеттеріміздің бірі болса, соған тиісті мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламаларға Үкімет қаражат бөлген соң, осыны дұрыс пайдалану керек - дейді Оңдасын Оразалин.

Пайдалануға берілген тоғыз қабатты тұрғын үйде арбаға таңылған жандардың еркін қозғалуына да мүмкіндік бар. Кіре берістен-ақ электронды көтергіш қондырғысы мен жедел саты жұмыс істейді. Жалпы өңірде азаматтарды баспанамен қамтудың тиімді шаралары қолға алынған.

Өзгелердің жаңалығы