Ақтөбе облысында мұғалімдердің 100 пайызы вакцина алды

29 Тамыз 2021, 18:02
9988
Бөлісу:
Ақтөбе облысында мұғалімдердің 100 пайызы вакцина алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайтын болады. Барлық білім беру ұйымында санитарлық талаптар қатаң сақталады.       

Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады.

Үкіметтің арнайы ведомствоаралық комиссиясының шешімімен 1 қыркүйектен бастап барлық мектептер оқуды дәстүрлі форматта бастайтын болады. Осыған сәйкес еліміздің Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің, Ақтөбе облысы Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулылары шығарылды. Осы қаулыларға сәйкес барлық мектептердегі санитарлық жағдайлар толық тексерілді.

Мектептерде оқушылар арасында аурудың таралуын болдырмау жөнінде арнайы шаралар қабылданды. Барлық мұғалімдер, техникалық қызметкерлер 100 пайыз вакцина алды. 1 қыркүйектен бастап барлық мектепте арнайы фильтр ұйымдастырылып, оған арнайы мамандар бекітіледі.       

Мектептерде бұрынғыдай кабинеттік жүйе болмайды, әр сынып өз кластарында оқиды. Қоңырауларда әр сынып оқушыларының бір-бірімен кездеспеуі жөнінде арнайы шаралар қолданылады. Асханаға да әр сыныптың балалары бөлек-бөлек баруға тиіс. Дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Мектепке тек вакцина алған мұғалімдер ғана кіргізілетін болады. Ата-аналар «Ashyq» жүйесі арқылы (жасыл мәртебесі болғанда ғана) кіре алады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде мектептерде инфекцияның таралуына жол берілмейді.       

Эпидемиологтар, санитар дәрігерлер, емдеу мекемелеріндегі дәрігерлер тұрғындарды вакцина алуға шақырып отыр. Вакцина алмайынша, бұл ауруды толық жеңу мүмкін емес. Себебі вирус мутациялануы мүмкін. Өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыздар!, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы