Ақтөбе облысында газтурбиналық қондырғы салынады

5 Желтоқсан 2020, 21:21
2109
Бөлісу:
Ақтөбе облысында газтурбиналық қондырғы салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысындағы отын-энергетика кешенінің бірқатар нысандарын аралады. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен кешенді мұнай жабдықтарын шығаратын Ақтөбе зауытында болды. Кәсіпорында сорғы штангілері, сорғы-компрессорлық құбырлар, газ-құм зәкірлері, штангалық тереңдік сорғылары және басқа да өнімдер дайындалады. Нұрлан Ноғаев пен Оңдасын Оразалин еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында кәсіпорынның даму және одан әрі жұмыс істеу жоспарларын талқылады.

Энергетика министрі мен облыс әкімі "Қазхром" ТҰК " АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Кәсіпорынның жобалық қуаты: жылына 740 мың тонна өнім, оның ішінде: қождарды қайта өңдеу цехтары, тау-кен байыту және басқа да қосалқы объектілер. Зауытта қуаты 135 МВт газтурбиналық электр станциясы бар.

Сондай-ақ, делегация мүшелері динамикалық зәкірлер, анкерлер, түйреуіштер, траверстер, тұрақтандырғыштар және түрлі модификациядағы металдан жасалған өзге де бөлшектерді өндірумен айналысатын "Каспий плюс" кәсіпорнына барды.

"Ақтөбе ЖЭО" аралау барысында Нұрлан Ноғаев қуаты 57 Мвт газтурбиналық қондырғы құрылысының капсуласын салуға қатысты. 2020 жылы кәдеге жаратушы қазандығы бар газ турбиналық қондырғысын салу үшін аумақты дайындау бойынша бөлшектеу жұмыстары, қазандықтың жабдықтарын жеткізу және қоймаға жинау жұмыстары басталды. 2022 жылы қуаты 57 МВт жаңа газ турбинасын және кәдеге жарату қазандығын пайдалануға беру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл қондырғы қосымша қуаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп, Ақтөбе облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігіне оң әсер етеді. Құрылыс станцияның қуатын 118 МВт-тан 175 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Министр қазақстандық мұнай жабдықтары зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын мұнай-газ жабдықтары мен құбырларын, блокты-жиынтықты жабдықтарды, бұрғылау қондырғыларын, сондай-ақ мұнай және газ ұңғымаларын жөндеуге арналған қондырғыларды дайындаумен айналысады.

Энергетика министрі мен облыс әкімі бұдан соң "Бұхара – Орал" магистральдық газ құбыры КС 14 компрессорлық станциясында болды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин министрге өңірді газдандырудың алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде министрлік тарапынан қажетті көмек көрсететінін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы