Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook-пен келісімге келді

1 Қараша 2021, 16:33
1909
Бөлісу:
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook-пен келісімге келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді. CRS Министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желілер адамдарға білім алу, табыс табу немесе бос уақыт өткізу сияқты мүмкіндіктер берумен қатар, қоғамға жағымсыз ақпараттың кейде тіпті қауіпті контент таратудың көзі болып жататыны жасырын емес. Бүгін біз «Facebook» компаниясымен жағымсыз контентке, соның ішінде әсіресе балаларға зиянды ақпаратқа қарсы тұруда өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келдік,- дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. 

Министрдің сөзінше, бұл министрліктің Ақпарат комитеті жүргізген ұзақ та тыңғылықты жұмысының нәтижесінде сәтті келісімге қол жеткізілді.

Бұдан былай біздің мемлекетімізге де «Контентті хабардар етудің ішкі жүйесі» («Content Reporting System» (CRS) тікелей қол жетімді. Оның негізінде біздің Министрлік «Facebook» компаниясының ішкі саясатына, сондай-ақ, біздің ұлттық заңнама талаптарына қайшы келетін контенттерді компанияға жедел хабарлай алады, -деп атап өтті ол. 

Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде CRS жүйесіне кіруге рұқсат берілген алғашқы ел. Қазір «Facebook» компаниясының контент саясатына жауап беретін халықаралық командасымен байланыс толық жолға қойылды.

Сөз жоқ, бұл қауіпсіз ақпарат кеңістігін құру және әлемдік ең ірі интернет-компаниялармен өзара әріптестік қарым-қатынас орнату жолындағы маңызды қадам.

«Facebook» әкімшілігіне ашықтығы мен ынтымақтастық саясаты үшін шынайы алғысымды білдіремін,- деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі. 

Айта кету керек, еліміз Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы мемлекет.

Facebook компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Джордж Чен мырзаның мәлімдеуінше, Facebook Қазақстан Үкіметімен, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысқа ұмтылады.

Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы ретінде біз Қазақстан Үкіметіне уәкілетті органдарға зиянды контентпен неғұрлым тиімді және пәрменді күресуге көмектесетін «Контентті хабарлау жүйесіне» қол жеткізуге қуаныштымыз. Facebook командасы киберкеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды жалғастырады, -деді ол. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өз тарапынан, Facebook-пен екіжақты ынтымақтастықтың қол жеткізген деңгейін ерекше атап өтті.

Биыл 28 қазанында Facebook командасы Министрліктің мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша жұмыс бойынша тренинг өткізді. Қараша айының басынан бастап министрлік жүйеде жұмыс істей бастайды.

Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.

Министрлік «Контентті хабарлау жүйесін» пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, министрлік ел нарығында жұмыс істейтін интернет-компаниялармен сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті құру бағытында жүргізіліп жатқан бағытты ұстанатынын атап өтті.


 


 

Өзгелердің жаңалығы