Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Целиноград ауданының Ақмол ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби даярлау және жұмысқа орналастыру орталығы іске кірісті.
«Тепе-теңдік» деп аталатын бірегей жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Батыр» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.
2012 жылы қоғамдық бірлестіктің қолдауымен Ақмолда балаларға арналған түзету кабинеті ашылды. Онда мүгедектігі бар балалар дефектолог, логопед, психолог мамандардан кеңес алады. 2016 жылдан бастап ауылда мүгедек балаларға арналған балабақша жұмыс істейді.
Жаңа жоба мүгедектігі бар ересектерге көбірек бағытталған. Жасыратыны жоқ, олар үшін жұмысқа тұру маңызды мәселелердің бірі.
Мамандандырылған мектептерде оқитын мүмкіндігі шектеулі балалардың кәсіптік оқудан өтуге және тіпті жұмысқа жолдама алуға мүмкіндігі бар. Бірақ ауылдық жерде арнайы мектептерге баруға және кәсіби дағдыларды алуға мүмкіндігі жоқ адамдар бар. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі жастар арасында кәсіптік-бағдарлау жұмысын жүргізу де проблема болып табылады. Мұның бәрі олардың жабық әлемде өмір сүруіне, төрт қабырғада өздерінің қиыншылықтарымен қалуына әкеледі, – дейді жоба үйлестірушісі Бейімбет Ғабдуллин.
Жоба менеджерлері жаңа орталықтың тәуелсіз болуды, әрі қаражат табуды армандайтын жастарға пайдалы қызмет көрсетеріне сенімді. Нұрсұлтан Назарбаев қорының қайырымдылық көмегімен орталыққа жеті компьютер, он тігін машинасы, шаштараз жабдығы, кеңсе тауарлары және кәсіби оқытуға қажетті басқа да заттар сатып алынды.
Шаштараз өнері мен тігін ісінен басқа, мұнда ұлттық қолөнер, компьютерлік сауаттылық, әлеуметтік кәсіпкерлікті жүргізу үйретілетін болады. Кейін жастар жұмысқа орналасады.
Ақмол ауылы елордадан 30 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 1200-ге жуық мүгедек тұрады, олардың 200-і 18 жасқа дейінгі балалар. Целиноград ауданының ауылдық округтерінде оқуға, мамандық алуға және жұмысқа орналасуға ниет білдіруші мүмкіндігі шектеулі жастар өте көп. Бірақ, өкінішке қарай, көп ата-ана балаларының мамандық алып, еңбек етуіне сенімсіздікпен қарайды, – дейді Бейімбет Ғабдуллин.
Оның пікірінше, еліміздің шалғай өңірлерінде мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған кәсіптік даярлау орталықтарын ашу мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған маңызды жобалардың бірі.
Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне, кәсіби білім алып, жұмыс табуына, шығармашылық қабілеттерін арттыруға көмектеседі. Басты мақсат – мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету, – деп атап өтті жоба үйлестірушісі.
«Батыр» қоғамдық бірлестігі ауданда жауапкершілік аясын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Демеушілердің қолдауымен мұнда балалар мен ересектерге арналған әлеуметтік оңалту орталығының құрылысы басталды. Жаңа ғимаратта мүгедек балаларға арналған балабақша, түзету кабинеті және ересектерге арналған оқыту орталығы біріктірілетін болады.