Ақмолада полицейлерге вакцина егу басталды

3 Наурыз 2021, 12:13
1876
Бөлісу:
Ақмолада полицейлерге вакцина егу басталды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялаудың екінші кезеңі басталды. Өңірдегі ішкі істер органдарының 80 қызметкері алғашқылардың бірі болып екпе алды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің госпиталіне ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Аурухананың медицина қызметкерлері коронавирусқа он бір мыңға жуық полиция қызметкерін тексерді, шамамен олардың 3% - ында оң нәтиже анықталған. 

1 наурыздан бастап вакцинациялаудың екінші кезеңі басталды. Кезек ішкі орган қызметкерлеріне де келіп жетті. Вакцинация алдында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аурухана мен емхананың дәрігерлері барлық бөлімшелерге барып дәрістер оқыды. Қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар вакцина ала бастады. Полицейлер вакцинаның екінші дозасын үш аптадан кейін алады, - дейді облыстық полиция департаменті госпиталінің басшысы Анаргүл Мұқашева. 

Облыстық полиция департаментінің госпиталінде күштік құрылымдардың 13 мыңға жуық қызметкеріне қызмет көрсетіледі. Мұнда коронавирус инфекциясына талдау жұмыстары да жүргізіледі. 

Полиция госпиталі базасында генерал-майор Арманбек Баймурзин бастаған полиция департаментінің басшылығы, барлық бөлімшелердің қызметкерлері екпе салдыру науқанына қатысты. 

Полиция қызметкерлерін алғашқылардың бірі болып вакцинациялау керек деп санаймын. Өйткені бұл жеке құрамның қауіпсіздігі үшін қажет. Алда да пандемияның қалай боларын болжау қиын. Вакцинаның тегін бөлінуі де мемлекеттің тұрғындар денсаулығы үшін жасаған батыл қадамы. Сондықтан біз денсаулығымызды нығайту арқылы қоғам тыныштығын сақтай аламыз, - деп атап өтті облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин. 

Пандемия кезінде облыстық полиция департаментінің 380 қызметкері қауіпті індетті жұқтырған. Қазіргі уақытта төрт полицей ем алуда. 

Қауіпті иннфекцияны жеңудің жалғыз жолы – екпе салдырту. Полицейлер медицина қызметкерлері сияқты халықпен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Екпе салдыруға өз еркіммен келдім, өйткені бұл менің денсаулығым. Бұл бізге тыныш, алаңсыз өз жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік береді, – деп өз пікірімен бөлісті ПД патрульдік полиция батальонының 5-ші взвод командирі, полиция аға лейтенанты Данияр Аманжолов.

Өзгелердің жаңалығы