Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов өңірде саяси науқан қарсаңында жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының барысы туралы айтып берді.
– Президент ел халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін атап өткені белгілі. Осы саяси науқанды өткізу үшін өңірде қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Бұған дейін елімізде ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлағаны белгілі. Биыл Президент Сайлау туралы Заңға қол қойды, оның негізінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізіледі. Әкімдердің сайлауын өткізу 25 шілдеге белгіленді. Облыс бойынша ауылдық деңгейде 239 әкім бар.
Биыл олардың 96-ын, яғни 40 пайызын ауыл тұрғындары өздері таңдайды. 95 әкім осы айда, ал біреуі қазан айында сайланады. Сайлау 227 елді мекенде өтеді. Онда 153 мың адам тұрады, оның ішінде 100 мың сайлаушы сайлау процесіне қатысады. Осы жауапты іске 238 сайлау комиссиясын тарту жоспарлануда. Олар сайлауға дайындықты осы жылдың 25 маусымында бастады. Атап айтқанда, сайлау өтетін орындарды дайындайды және сайлаушылар тізімін нақтылайды. 21-23 маусым аралығында үш күн бойы облыстық сайлау комиссиясы аудандық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын оқытып, сертификаттар тапсырды. Оқуды ұйымдастыруға байланысты саяси науқан алдында еліміздің көптеген заңнамалық актілеріне, соның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Саяси науқанға жауапты тұлғаларға қандай талап қойылады?
Сайлау процесіне жауапты адамдар заңды жетік білуі керек. Енді оқудан өткен адамдар учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне барып, оларды оқытады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының оқытушыларымен бірге аудандарға барып, оқыту семинарларын өткіземіз. Сайлау комиссияларының мүшелері заңды қаншалықты жақсы білсе, сайлау соғұрлым жоғары болады деп ойлаймын. Орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Әкімдерді сайлау биыл алғаш рет өтетіндіктен, сайлауды қаржыландыру мәселесін Орталық сайлау комиссиясы өз мойнына алды.
– Әкімдер сайлау қандай тәртіппен өтеді?
– 2023 жылдан бастап қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылатын болады. Ауыл әкімдерінің сайлау науқаны – қоғамымыздағы үлкен саяси оқиға. Алдағы саяси науқанда облыстық сайлау комиссиясының негізгі міндеті сайлаудың дұрыс ұйымдастырылып, өткізілуіне жауапты болу, учаскелік сайлау комиссияларының шешімдерін, арыздары мен шағымдарын қарау болып табылады. Ал саяси науқан кезінде негізгі салмақ аудандық сайлау комиссияларына түсетіні белгілі. Егер президенттік сайлау болса, онда Президенттің Жарлығы болуы керек. Ал депутаттар сайлауына еліміздегі орталық сайлау комиссиясы жауапты болды. Аудандық деңгейдегі сайлау комиссиялары қаулы қабылдап, оны ғаламтор-сайттарда жариялады. Сондай-ақ сайлау округтерін құрды. Енді олар кандидаттарды, кандидаттардың сенімді өкілдерін тіркейді, куәлік береді. Кандидаттардан құжаттар келгеннен кейін оларды тексеру жүргізу үшін тиісті органдарға жібереді, талаптарға сәйкессіздікті анықтайды. Кандидаттардың тіркелгені жайлы БАҚ-қа хабарлайды. Сайлау бюллетеньдерін дайындайды.
Учаскелік сайлау комиссиясы әкімдер сайлауының қорытындыларын аудандық-қалалық сайлау комиссияларына ұсынады. Осылайша, үш күн мерзімі ішінде сайлау қорытындысы жарияланады.
– Елдегі пандемия сайлауға әсер етпей ме?
– Саяси науқан пандемия жағдайында өтіп жатқандықтан, маскалармен, дезинфекциялық құралдармен қамту мақсатында сайлау комиссиясы мүшелерін вакцинациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал денсаулығына байланысты вакцина алмаған комиссия мүшелері міндетті түрде ПТР-тест тапсыруы тиіс.
– Елімізде «Сайлау туралы» заңға нақты қандай өзгерістер енгізілді?
– Бұрын сайлау кезінде «барлығына қарсы» деген баған болған жоқ. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазір сайлаушылар бірдей құқыққа ие. Мысалы, әкім лауазымына үш үміткер болды делік, егер олардың ешқайсысы көңілінен шықпаса, сіз «Мен бәріне қарсымын» бағанын белгілей аласыз. Ал, бұрынғы заңнамаға сәйкес, сіз міндетті түрде бір кандидатты таңдауыңыз керек еді. Кандидаттарды ұсынуда да жаңалықтар бар. Мысалы, әкімдер сайлауында саяси партиялар да өз кандидаттарын ұсынуға құқылы. Ал азаматтар өздерін ұсына алады. Өзін-өзі ұсыну үшін азамат сайлаушылардың бір пайызының дауысын жинауы керек. Бұдан басқа, әкімдікке кандидат болу үшін сыбайлас жемқорлыққа ұшырамаған Қазақстан Республикасының азаматы, 25 жастан асқан болу, соттылығы болмауы қажет.Егер сайлау өткізу кезінде әкімдікке бірде-бір кандидат тіркелмеген болса, онда осы аудан әкімінің екі адамды ұсынуға құқығы бар. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес бір әкім екі реттен артық сайлана алмайды. Саяси партиялар ұсынған кандидаттар міндетті түрде осы партияның мүшелері болуы керек. Статистикалық деректер бойынша, әкімдерді мәслихат депутаты етіп сайлау кезінде 2013 жылы Ақмола облысы бойынша 246 әкім, 2017 жылы 157 әкім сайланды. Өмірде түрлі жағдай орын алады, адамдар жұмыс ауыстырады немесе басқа жаққа көшеді. Осы себептерге байланысты біз 745 кезектен тыс сайлау өткіздік.
– Айталық, егер келесі жылы басқа әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталса, әкімдер сайлауы қайтадан өте ме?
– Әкімдер белгілі бір себептермен қызметінен босатылған кезде, біз қырық күн ішінде кезектен тыс сайлау өткізуіміз керек. Мемлекет басшысы өз сөзінде егер мүмкіндік болса, 2024 жылы біз аудандар мен қала әкімдерін тікелей сайлауға көшетінімізді атап өтті. Мұның бәрі әрине, уақыттың еншісінде.
– Шалғайдағы ауылдардың болашағы алаңдатарлық мәселе екені жасырын емес. Алдағы әкімдер сайлауы ауылға қандай өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз? Жалпы ауылда әкім болғысы келетін, ауылды көтергісі келетін азаматтар бар ма?
– Әрине, бар. Мен басқа салаларды білмеймін, бірақ бізде өзін әкім болуға ұсынатын үміткерлер көп болады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта әкімдерге көптеген мүмкіндіктер берілген. Бюджеттен ақша бөлінеді. Сайлаған халық әкімге: «біз сені сайладық, неге біздің талаптарымызды орындамайсың», - деп тікелей айта алады. Ауылдың тірлігіне бей-жай қарамайтын азаматтар керек. Кез-келген сайлау – бұл қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату. Алдағы саяси науқан арқылы келесі нәтижелерге қол жеткізіледі: тұрғындар өз талаптарын қоя алады, сайлау арқылы жергілікті деңгейде билікке деген сенім деңгейі артады. Сайлау әкімдердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінің өсуіне ғана емес, жұмысының нәтижелеріне де оң әсер етеді. Саяси өрісті кезең-кезеңімен ырықтандыру демократияның эволюциялық даму принципіне сәйкес келеді және қоғам үшін сыни күйзелістерсіз сапалы саяси өзгерістер жасауға мүмкіндік береді. Осы науқанда ауыл тұрғындары әкім болу үшін лайықты азаматты сайлай алатынына сенімдімін. Губернаторларды тікелей сайлау арқылы тағайындау бізде ғана емес, басқа дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде де бар. Менің ойымша, бұл біздің елімізді демократияландырудың тағы бір қадамы.