Ақмола облысында 800-ден аса бизнес жоба қолдау тапты

16 Маусым 2021, 10:21
1744
Бөлісу:
Ақмола облысында 800-ден аса бизнес жоба қолдау тапты

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 800-ден аса жоба қолдау тапты. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Мәди Рымжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде субсидиялау бойынша 823 жоба және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы кепілдік беру бойынша 250 жоба қолдау тапты. Атап айтқанда, экономиканың зардап шеккен секторларында 580 субсидиялау шарты жасалды. Бұл қолдау шарасы ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде кәсіпкерлерге көрсетіледі.

Субсидиялар төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша 12 ай мерзіміне беріледі. Кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме 6%-ды құрады, айырманы мемлекет төлейді. Субсидиялау мерзімі 2020 жылғы 16 наурыздан 2021 жылғы 15 наурызға дейін 12 айға есептелген, – деп түсіндірді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Мәди Рымжанов.

Оның мәліметінше, 2021 жылға бөлінген субсидиялардың жалпы сомасы 2,9 млрд теңгені құрап отыр. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 1,058 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,846 млрд теңге бөлінді.

Аталған бюджет ағымдағы жылдың 1 тоқсанында толық игерілді және «Даму» қоры өңірдегі жеке кәсіпкерлік субъектілерінен субсидиялауға арналған өтініштерді қабылдау мен қарауды тоқтатты. Қор биыл жобаларды субсидиялауға 1,374 млрд теңге сомасында қосымша бюджет сұрады. Бюджеттік өтінім Үкіметте мақұлданды және 31 мамырдан бастап қор субсидиялауға өтінімдерді қабылдауды қайта бастады

2021 жылдың 1 тоқсанында 241 субсидиялау шартына қол қойылды: «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 2,2 млрд теңге несие сомасына 229 шарт, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 6 млрд теңге несие сомасына 8 келісімшарт, «Экономиканың зардап шеккен секторлары» бойынша 110 млн теңге несие сомасына 4 келісімшарт.

Биылғы жылдың 1 тоқсанында төленген субсидиялардың жалпы сомасы 878 млн теңгені құрады, 2,551 млрд теңгеге міндеттемелер қабылданды.«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында кредиттерге кепілдік беруге 2021 жылы 517 млн теңге сомасында бюджет қарастырылды, оның ішінде республикалық бюджеттен 241 млн теңге бөлінді, жергілікті бюджеттен – 246 млн теңге. Биыл «Бизнестің жол картасы» аясында жалпы несие сомасы 2,1 миллиард теңгеге 190 кепілдік беріледі, - деп нақтылады Мәди Рымжанов.

Мемлекет қолдауының арқасында облыс орталығы Көкшетау қаласында жаңа кәсіпорындар ашылуда. Солардың бірі – Көкшетауда сұйық-күрделі тыңайтқыштар мен карбамид-аммиак қоспасын өндіретін «BravoCommodities» ЖШС. Қажетті жабдықты сатып алуға компания Халық банкінен жылдық 15%-бен 150 млн теңге сомасында несие алды. Қарыз «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша субсидияланды. Енді кәсіпорын үшін кредит мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Сондай-ақ, «Даму» қоры 70 млн теңге көлемінде кепілдік ұсынып кәсіпорынға қолдау көрсетті.

«BravoCommodities» серіктестігі қажетті жабдықтарды қазақстандық және ресейлік жеткізушілерден сатып алды. Өндіріс Солтүстік өндірістік аймақтағы жалға алынған ғимаратта орнатылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында алғашқы КАС-32 партиясы шығарылды.

Қазіргі уақытта Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 25 шаруа қожалығымен келісімшартқа қол қойылды. «BravoCommodities» ЖШС сатып алушыларына өз агрегаттарында тыңайтқыштарды жеткізу және топыраққа сіңіру бойынша қосымша қызметтер көрсетеді. Карантин кезеңі кәсіпкерлердің «Даму» қоры тарапынан мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігіне кері әсер етпегенін атап өткім келеді. Субсидиялауға және кепілдендіруге өтінімдер «Egov», «Онлайн Даму» порталдары арқылы онлайн режимінде қабылданады. Субсидиялау және кепілдендіру шарттарына электрондық тәсілмен де қол қоюға болады, – дейді филиал директоры.



Өзгелердің жаңалығы