Әкімшілік рәсімдердің рәсімдік кепілдіктері

2 Наурыз 2021, 10:13
4862
Бөлісу:
Әкімшілік рәсімдердің рәсімдік кепілдіктері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылы 29 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі сот жүйесін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, әртүрлі жария-құқықтық дауларды шешуде тараптардың теңдігін, қоғамның сотқа деген сенімін арттыру, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің алдына қойған ауқымды қойған міндеттерді жүзеге асыруда биыл Жоғарғы Соттың бастамасымен «Болжамды сот төрелігі мен әкімшілік әділет» жылы деп жарияланды. Осы орайда, кодекстен туындайтын міндеттерді кеңінен түсіндіру үшін Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Рсалды Болатқызы Какишевамен сұхбаттасқан едік.

Рсалды Болатқызы, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі сот жүйесін жетілдіруге бағытталғанынан хабардармыз. Жаңа заңның ерекшелігі неде?

- ӘРПК жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша әкімшілік сот ісін жүргізумен қатар, әкімшілік рәсімдер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеййді, мемлекеттік органдардың ведомствоішілік қызметін ұйымдастырады. Аталған кодекс 1 шілдеден қолданысқа енбек. Жаңа ӘРПК-ның ерекшелігі – әкімшілік рәсімдерге қатысушылардың құқықтарына кепілдіктер берілуінде. 

Мысалы, ӘРПК-нің 4-бабында әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет ретінде әкімшілік рәсім ұғымы айқындалған. 

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері қандай? 

- Әкімшілік рәсімдерінің міндеттері мынылар: жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, яғни, адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету және жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту. 

Кодекстің жаңашылдығына тоқталсаңыз? 

- Әкімшілік рәсімдерге қатысушылар үшін жағамды жаңашылдық ретінде ӘРПК-де қарастырылған қағидаттар арасында мыналарды атап өту қажет: біріншіден, мөлшерлестік қағидаты, яғни әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. 

Екіншден, құқықтардың басымдығы. Еліміздің әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі. 

Үшіншіден, сенім құқығын қорғау, яғни әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Республикасының заңдарында қорғалады. 

Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот еліміздің заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі. 

Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Сенім құқығы заңсыз әрекеттер жасауға (әрекетсіздік танытуға) негіз бола алмайды. 

Төртіншіден, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ елдің заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады.

Бесіншіден, анықтық презумпциясы, әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі. 

Аталған кодексте сенім құқығын қорғау қағидатына үлкен мәне берілгенін айтып өттіңіз. Соған тоқталсаңыз. 

- Еліміздің заңнамасы үшін бұрын белгісіз болған сенім құқығын қорғау қағидатына ерекше назар аударғым келеді.      

Аталған қағидаттың мәніне келейін. Егер әкімшілік рәсімге қатысушы оның мүддесін қанағаттандыратын және көздеген мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін қолайлы акт алса, қабылданған шешім түпкілікті болып табылады және болашақта өзгертуге жатпайды деп пайымдауға құқылы. Қатысушы әкімшілік орган актіні шығару кезінде қатысушы мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін ескеріп, заңдарға сәйкес әрекет етті деп есептеуге құқылы.   

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда билік өкілеттіктері берілген белгілі бір орган қабылдаған шешімі бар тұлғаларда мұндай кепілдік жоқ. Өйткені бұрын қабылданған шешім бойынша ұстаным өзгеріп, сол орган шешімнің күшін жою мүмкіндігі бар. Бұл ретте, ӘРПК осындай қағидатты бекіте отырып, процеске қатысушының әкімшілік органға сенім білдіру құқығын қорғауды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жою туралы мәселені шешу кезінде осы қағидат ескеріледі. 

Арыз иесі және мүдделі тұлға әкімшілік рәсімге қатысушылар болып танылады. Процедуралық кепілдіктер туралы айта келе, ӘРПК жоғарыда аталған негізгі қағидаттардың қатаң сақталуын қамтамасыз ететін әкімшілік рәсімдердің нақты регламентін қарастырғанын атап өткен жөн.    

Жалпы, әкімшілік рәсімді козғау үшін қандай құжаттар негіз болады? 

- ӘРПК-нің 62-бабына сәйкес әкімшілік рәсімді козғау үшін мыналар негіздер болып саналады: жолданым (өтініш, шағым, бейнеүндеу); әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы. Жолданым ауызша нысанда, жазбаша не электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін. 

Рәсімді жүзеге асырғанға дейін әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдау немесе әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де іс-шараларды өткізу уақыты мен орны туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламаларды жіберудің нысандары мен тәртібі ӘРПК аясында бекітілген.    

Әкімшілік рәсім шеңберінде арыз иесі рәсіммен қамтылған мәселе бойынша құқықтары мен міндеттері түсіндірмесін алуға, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында тыңдалуға, лауазымды адамға қарсылық білдірулерді мәлімдеуге, әкімшілік іс материалдарымен танысуға, рәсімге қатысу үшін өкілге өкілеттіктер беруге, қабылданған шешімге шағым жасауға құқылы. Арыз иесінің өзге де құқықтары заңнамада көзделген.  

Әкімшілік рәсімдерге қатысушылардың құқықтарын қорғаудың тағы бір маңызды және жаңа тәсілі – тыңдалу құқығы. Оны рәсімге қатысуға шақыру арқылы немесе ақпараттық жүйелер мен басқа да байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асыруға болады. Айта кету керек, тыңдау өткізілмейтін жағдайлар туралы кодексте нақты бекітілген.
ӘРПК-нің 76-бабында 15 жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімді жүзеге асыру мерзімдері көзделінген. Аталған мерзім уәжді шешімімен ақылға қонымды екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушылар тиісті түрде хабарлануы тиіс. 

Осы мәселе бойынша ӘРПК-нің маңызды ережесі, егер әкімшілік орган, лауазымды тұлға әкімшілік актіні тиісті мерзімде қабылдамаса, әкімшілік әрекетті жасамаса, онда мерзімдер аяқталған күннен бастап олар әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекетті жасаудан бас тартты деп саналады. 

Әкімшілік рәсімнің қорытындылары бойынша: әкімшілік актіні қабылдау туралы; рәсімді тоқтату туралы шешім шығарылады. ӘРПК-нің 79-бабына сәйкес әкімшілік акт заңды және негізделген, түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс. Әкімшілік акт міндетті түрде әкімшілік рәсімге қатысушыларға хабарланады. 

ӘРПК-нің 83-бабында әкімшілік актінің күшіне ену, қолданысқа енгізілу және тоқтатылу мерзімі айқындалған. 

Менің ойымша, тағы бір маңызды және жағымды жаңашылдық, бұл әкімшілік рәсімге қатысушының актімен келіспеген жағдайда оны шығарған органға тікелей шағым беру құқығы болып табылады. Ал орган істі өз бетінше жинақтап, шағымды жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) қарауға беруге міндетті. Сонымен қатар, төменгі орган жоғары органға шағымды жіберместен қолайлы актіні қабылдай алады. Мұндай тәртіп бүгінгі күні бар, азаматтарды әуре-сарсаңға салу, шектен тыс бюрократиялық тәсілдерді болдырмауға мүмкіндік береді. 

ӘРПК-тің 84-бабына сәйкес мәні бойынша дұрыс әкімшілік акті бір ғана формальды пайымдаулар бойынша заңсыз деп таңылмайды. Заңсыз әкімшілік актінің толық немесе ішінара күші жойылуы мүмкін. Заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған жағдай әкімшілік актіні заңсыз деп танудың құқықтық салдары туралы шешім қабылданады. Заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады. 

Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің қолданысқа енгізілуі, әрине, жеке тұлғалардың басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысу белсенділігінің артуының және әкімшілік әділет қызметінде адамға бағдарланған тәсілді қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысы қойған мақсатқа қол жеткізудің және мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмысын түбегейлі өзгертудің кепілі болып табылады деп сенеміз. 

Әңгімеңізге рақмет!
          

Өзгелердің жаңалығы