Әкімшілік Каспий жағалауындағы 21 жер телімін негізсіз берген

22 Ақпан 2023, 16:47
1259
Бөлісу:
Әкімшілік Каспий жағалауындағы 21 жер телімін негізсіз берген
Фото: dknews.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Каспий теңізі жағалауында жер телімдерінің берілуіне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Нәтижесінде Каспий теңізінде туризмді дамытуға арналған 21 жер телімін негізсіз беру фактісі анықталған.

Қала әкімдігі 2021 жылы мәдениет үйін салуға арналған игерілмей жатқан 10 сотық жерді кеңейту үшін жанындағы жер телімінен 4,7 сотық жерді бір азаматқа жалға берген. Игерілмеуіне байланысты жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз сотқа берілді , - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамұрайт Шәменов.

Сондай-ақ Ақтау қаласының тұрғыны теңіз жағасынан қонақүй салу үшін 1,5 гектарды кеңейту үшін әкімдіктен қосымша 1,4 гектар жер алған. Жерді жалға алған азамат оны игермей үшінші тұлғаға сатып жіберген. Қазіргі уақытта жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа шағым берілген.

Шәменов жер қатынастары саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәсіпкерге негізсіз берілген 7 гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын да атап өтті. Алдағы уақытта жер аукцион арқылы сатылымға шығарылады.

Әсел Әбілбек

Өзгелердің жаңалығы