Әкімдікке жиналған шаруалар өтемақы талап етті

19 Қыркүйек 2024, 11:39
273
Бөлісу:
Әкімдікке жиналған шаруалар өтемақы талап етті
PHOTO
Фото: автордан

Атырау облысы Махамбет ауданы мен қалаға қарасты Қайыршақты ауылдық округінің шаруалары әлі күнге дейін тиісті өтемақыларын алмаған. Көктемгі тасқыннан зардап шеккен азаматтар қираған қораларын әлі қалыпқа келтірмеген. Қымқа мүлдем дайын емес екендерін айтады. Базынамыз биліктегілерге жетсе деп шу шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиналған азаматтардың бірі егін шаруашылығымен айналысып, тұрғындарды жергілікті өніммен қамтыса, екіншісі төрт-түлікпен жан бағып отыр. Осы уақытқа дейін үкіметтен субсидия алмастан, бизнесін дөңгелеткендер көктемгі су тасқынынан әлі ес жинамағандарын айтады. Су басады делінгенде жергілікті атқарушы органдағылар ағынды қалаға жібермес үшін, оны сай-салаға бағыттап, қаланы бөгеттермен бекітті. Есесіне жүздеген шаруа қожалыстарының қорасы, тұрғын-жайлары мен мал су астында қалды. Шаруалар уақытша өзге аудандарды паналауға мәжбүр болып, Мақат, Қызылқоға сынды аудандарға көшті.

Әкімдікке жиналған шаруалар өтемақы талап етті

Қаланы су баспасын, сіздер көше тұрыңыздар. Өтемақыны береміз деп бізге әу баста уәделерін берді. Бәрімізге ортақ өңір ғой, туған жеріміз деп келістік те, малымызды көшірдік. Тасқыннан өз қаржымызға көтерген қоралар құлап, сау-тамтығы қалмады. Екі үйімді де су басты мысалы. 4 бірдей жылқым тоғайдың ортасында қалған. Оларды тірі не өлісін білмеймін әлі. Көктемнен бері қаншама ай өтті. Мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Комиссия келді, қарады, нақты шығын көлемін айтқан жоқ. Сенделіп әлі жүрміз. Алдымыз қыс. Оған дайындалған да жоқпыз. Бізге құлақ асатын, бізден кездесіп жатқан ешкім жоқ. Сонда біз қайда, кімге барамыз? Бізге өтемақы берілсін деп талап етеміз,-дейді шаруалардың бірі Болат Төлеубаев.

Шаруалар су басқан аумаққа комиссия мүшелерінен 2-3 адам ғана келмесе, шенділердің бірі де қарасын көрсетпеді деп отыр. Ал жауаптылар өткен кездесулерге барғанда қарастырамыз деген сылдыр сөзбен құтылыпты. Содан бері еш жауап жоқ деп өкпелі шаруалар.

Біз осы уақытқа дейін үкіметтен бір тиын көмек сұраған жоқпыз. Өзіміз аяққа тұрдық. Өткенде жиналыстар болғанда ұсынысымызды, талабымызды айттық. Еш нәтиже жоқ. Малымыз әлі ай далада. Өз шаруашылығымыз суда тұр. Кеткендерін бұзайық десек, бұзуға болмайды дейді. Не дұрыс есебін айтқан жоқ. Өтемақы береміз демеді де. Қыс жақындап қалды. Оған дайындалуымыз керек. Ал біз тіпті шөп те дайындаған жоқпыз. Жақын күндері жауын-шашын басталады. Сонда шөпті қашан дайындаймыз біз ? Бұған дейін шөп шапсаңдар жеткізу жағымен де көмектесеміз деді, ол да қалды. Құлсарының халқы суға кетті. Оларға барлығы берілді. Сонда бізге неге көмек көрсетілмейді? Талап етеміз. Өтемақы берілсін бізге де,-дейді шаруа Ербол Тойлыбаев.

Әкімдік алдына жиналған азаматтар облыс әкімі Серік Шәпкеновтың шығуын талап етті. Бірақ Шәпкеновтың өзі де, салаға жауапты орынбасарлары да кездесуге құлық таныспады. Құрғақ уәде беруден шаршады ма, қалалық әкімдіктегілер де жақ ашпады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы шығынның есептеліп жатқанын айтады.

Әкімдікке жиналған шаруалар өтемақы талап етті

Егін шаруашылығына қатысты зардап шеккен шаруа қожалықтарға арнайы комиссия барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оң шешімін берген шаруа қожалықтарының тізімін бізге жіберді. Соған сәйкес бөлінетін қаражатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, өтелетін болады. Әлі бөлінген жоқ қаржы. Қазір егінге қатысты Атырау қаласында 29 шаруашылық, Махмбет ауданы бойынша 66 шаруашылық зардап шегіп отыр. Мал бойынша Атырау қаласында 3 шаруа қожалығы, Махамбет ауданы бойынша 3 шаруа қожалығы зардап шекті. Жалпы облыс бойынша шығын көлемі 1 млрд 31 млн теңгедей. Құлаған, қираған қоралар бойынша біздің әкімдік тарапынан, ауыл шаруашылығы басқармасының тарапынан министрлікке тиісті хат жазылды. Бұл бұрыннан айтылып жатқан мәселе. Өткенде соңғы жиналыста вице министр Жұманғариннің тапсырмасына сәйкес 22 сәуірде шыққан № 18 бұйрыққа өзгеріс енгізу жұмыстары қазір жүріп жатыр. Өзгеріс енгізілгеннен кейін методикасы шығады, оған жауапты басқарма ауыл шаруашылығы емес кәсіпкерлік басқармасы. Қазір шығынды есептеу бойынша жұмыстар аяқталу үстінде. Ол алгоритмнің нақты қашан шығатынын айта алмаймын. Шамамен 1 ай уақыт алатын шығар,-дейді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Капанов.

Қара еңбекпен кәсіптерін дөңгелеткен тұрғындар бұлай жалғаса берсе, облыста ауыл шаруашылығы саласы дамымай, керісінше құриды деп отыр. Жергілікті биліктегілер проблеманы шеше алмайды. Базынамызға үкіметтегілер назар аударсын дейді. Сондай-ақ, қираған қораларға қатысты, өлексесі табылмаған мал басына қатысты бұйрық ережесінің езірек өзгергенін қалайды. Шығынымыз өтелмеген жағдайда сотқа шағымданудан да тайынбайтындарын айтады.

Өзгелердің жаңалығы